МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Канада елшісімен кездесті

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Канада елінде өсімдік және мал шаруашығы қатар дамыған. Әлемдегі ең озық технологиялар сіздерде бар. Канадалық фермерлер жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерімен қазақстандық әріптестерімен бөліссе жақсы болар еді. Мамандарымызды сіздің елге оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Канада жасымықты ең көп өсіретін ел ретінде әлемге танымал. Сіздерден аталған өсімдік түрін жылда сатып аламыз. Биыл жасымық алқаптарын екі есеге ұлғайттық.

Солтүстікқазақстандық аграрийлер Канадада құрастырылған ауыл шаруашылығы техникаларын да көбірек сатып алуға тырысады. Сондықтан шетелдік машинаны диқандарға арзан бағада қолжетімді ету жағын егжей-тегжейлі қарастырған жөн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облысымызда 400 бірлік “Бюлер” тракторы, 145 “Борго”, 100 дана “Моррис” маркалы себу кешені бар. Сондай-ақ, біз канадалық “НаниБи” дестелегіштерін де көптеп сатып аламыз. Қазіргі таңда “Джон Дир”, “Класс” фирмаларымен машина жасау саласында тығыз әріптестік орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Канаданың ауыл шаруашылық техникаларының бағасы өте қымбат. Оған қоса аграрийлеріміз оны шетелден жеткізу үшін қыруар қаражат жұмсайды.

Диқандар техникалардың қосалқы құрал-саймандарын бірнеше айлап тосады. Салдарынан дала жұмыстары тежеледі. Осы мәселені шешу үшін Құмар Ақсақалов канадалық машиналардың бөлшектерін облысымызға молынан жеткізіп, комбайндар мен тракторларды өзімізде құрастыру керектігін айтты. Сервистік қызметті де дамытқан абзал. Бір сөзбен айтқанда, облыс әкімі қонақты өзара экономикалық іскерлік байланысқа дәнекер болуға шақырды.

Шон Стайл – Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

– Келер 2 жыл көлемінде қазақстандық аграрийлер Канаданың ауыл шаруашылығы техникаларын жақсы сатып алса, онда фирмалар бұл ұсынысыңызды қарастырады. Сонымен қатар біз ет, сүт өңдеу бағытында да үлкен қолдау көрсете аламыз. Мұның бәрін мен елге барғанда Саскачеван провинциясының басшылығына жеткіземін.

Алдағы уақытта Құмар Ақсақалов Канада еліне қарасты Саскачеван провинциясының басшылығымен өзара әріптестік жөніндегі меморандум жасасып, ауыл шаруашылығы саласына инвесторлар тартпақшы.


Берік Қасен