Құқық қорғау органдары

Петропавлда жол көлік қозғалысын нәзік жанды полицейлер реттеуде

Жуырда жерлесіміз жол көлік қозғалысын реттеуді меңгеріпті. Бүгін ол үйренген ісін байқап көруде. Қазір Дамира Пушкин мен Интернационал көшелерінің қилысында тұр. Бұл жерде уақытша бағдаршам сөнді. Сол себепті болар машиналар лезде көбейді. Дегенмен, қызметкер қиындыққа қарамай өз жұмысын мінсіз атқарды. Темір тұлпарларды рет-ретімен жіберді. Адамдарды да кезекпен жолдың келесі бетіне өткізді. Маманға дәл осы тапсырманы алғаш орындау үлкен қиындық тудырған екен.

Дамира Бейсембаева – СҚО ІІД ЖППБ полицейі:

– Алғаш рет Ғабит Мүсіреповпен Шоқан Уәлиханов көшелерінің қилысында тұрдым. Бойымда қобалжу болды.

Жалпы, облыстық ІІД жол-патрулдік батальонында әйелдер взводы мамыр айында құрылды. Қазір мұнда 10 нәзік жанды қызмет атқарып жатыр. Олар көшедегі көлік қозғалысын реттеу, машина соңынан ілесе жүруді 1 ай бойы меңгеріпті.

Индира Төлеуова – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ ЖППБ штабының аға инспекторы:

– Жан-жақтан келіп жеткен машиналарды полицейге өткізу шын мәнінде қиын. Және қорқынышты. Дегенмен, қазір біз бұл істі де үйреніп жатырмыз. Күнделікті тәжірбиенің арқасында аз уақыттың ішінде бірқатар талапты үйрендік. Осы жұмысқа тек көлік жүргізетін нәзік жандылар іріктелініп алынды.

Айта кеткен жөн, нәзік жанды полицейлер әзірге мереке күндері ғана қала көшелеріндегі көлік қозғалысын реттейтін болады.

 

Култанов Байболат