МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының адамдар құрамы жөніндегі архивінде 500 ден астам қор бар

– Менің қолымда Петропавл қаласы адам құрамы жөніндегі архивінің құжаттарының бірі. Бұндағы мәліметтер 20 шы ғасырдың 40-шы жылдарына тиесілі. Жалпы азаматтардың жеке істері архивке келген сәттен бастап, 75 жыл бойы сақталады екен.

Жыл басынан еңбек өтілі және жалақысы жайында ақпарат аламын деушілерге 10731 анықтама берілген. Басым бөлігі шетел асып кеткен теріскейліктерден түскен өтініштер екен. Мемлекеттік қызметті алу үшін азамат іздеуге қажетті ақпарат жазылған өтінішті толтыруы қажет. Оған жеке куәлік пен еңбек кітапшасының көшірмесі қоса беріледі. Бұндай жағдайда мұрағат қызметкерлері қажетті мәліметті жылдам таба алады.

Алмагүл Тілеужанова -Петропавл қаласы адам құрамы жөніндегі архивінің архивисі:

– Біздің архив “Архивтік анықтамалар беру” туралы мемлекеттік қызметін көрсетеді. Өтінішті “Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамына және халыққа қызмет көрсету орталығына немесе электрондық үкімет веб-порталы арқылы беруге болады. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижесі құжаттарды тапсырған сәттен бастап 11 жұмыс күні ішінде, қағаз түрінде беріледі.

Ал, ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен қажетті ақпаратты электронды үкімет порталынан алуға болады. Алайда, бұндай қызмет тек Қазақстан азаматтарына көрсетілмек.

Әлішер Баймағанов – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы:

– Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы азаматтарға мемлекеттік қызметтің екі түрін ұсынады. Жыл бойы мұрағат көрсететін қызмет түрлерінің сапасын тексеріп, кейін соған байланысты мамандарға кеңес беріледі. Мәселен, 2016 жылы жоспарлы 14 мемлекеттік архив тексерістен өтті. Бұндай жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын таппақ.

Еске сала кетейік, Петропавл қаласының адам құрамы жөніндегі архиві бүгінде Жамбыл көшесі, 249 мекен-жайы бойынша орналасқан. Бүгінде мұрағаттағы 500 ден астам қорда 112 мыңдай құжат сақтаулы.

 

Эльмира Садвокасова