МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында тұңғыш рет “ҚымызFest” фестивалі өтті

Сұлушаш Алпысова – мәдениет бөлімінің қызметкері, Айыртау ауданы:

– Бие сүтті болсын, келіндер құтты болсын! Міне, Айыртау ауданынан сізге қымыз түрлерін ала келдік. Жеке кәсіпкерлердің әзірлеген қымыздары. Бие жаңадан байланып жатқанда сүтінен әлі уызы тарқамаған сүті-уыз қымыз деп аталады. Екінші, күнделікті саумалды күбіге немесе сабаға күнде құйып, төрт күнен кейі қотарып алған қымызды дөнен қымыз деп атаған. Келесі сары қымыз. Маусым, шілде айының соңында шөптің шүйгін болған уақытында қымыз өте құнарлы, майлы болып келеді.

Сұлушаштың айтуынша, халық көбінесе бал қосылған қымызды ұнатады. Сусынның түр-түрінен өзге ұлттың өкілдері де дәм татты. Алексей Ушаков қалада қымызфест фестивалі болады дегенді естіп, мерекеге әдейі әдемі киініп келдім дейді.

Алексей Ушаков – қала тұрғыны:

– Қымызды бала кезімнен бері ішіп келемін. Халық арасында қымыз қырық ауруға ем деп жатады. Жолдасымыз екеуіміз базардан күнде алып тұрамыз. Қазақ халқы осы сусынның адам денсаулығына берер пайдасы орасан екенін ертеден білген. Негізі жылқы шаруашылығын дамытып, бізге қымызды молырақ өндіру керек. Ұлттың санасын жаңғыртатын осындай мереке мейлінше көбірек болсын. Халық араласады, адамдардың басы құралады. Әдет-ғұрыпты, тарихты жақсырақ білетін болады.

Күлмәйда Жанабаеваның аузы берік болғандықтан, ұлттық сусынды құтысына құйып алды.

Күлмәйда Жанабаева – көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері:

– Қызық болып жатыр. Бала-шағаларымызға ертедегі өнерімізді үйретіп жатыр. Ауыз бекіткен соң қымызды ішпей, әкелген ыдысыма құйып алдым. Дендерің сау, өмірлерің ұзақ болсын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Ендігі оразаға басымыз аман, бауырымыз бүтін болып, еліміз тиыш болып тағы да кездесуге жазсын.

Фестивалге жалпы 800 литр қымыз және 60 келі бауырсақ әкелінді. Ауылдан
келген өнім санаулы сағатың ішінде халыққа таратылды.

Осы күні жиналғандардың назары Атты карнавал-шеруге ауды. Басында байкерлер мен жас спортшылар келеді. Халық оларды қошеметпен қарсы алуда. Кейін ортаға өңір аудандарынан келген сәйгүліктер шықты. Жылқылар жалынан, тұяғына дейін әдемі әбзелдермен сәнделген. Қаланың шуына үйренбеген асау аттарды батырлар жетектеп келеді.

Ал мына ақ боз ат өзге қамбар ата төлдерінен ерекшеленді. Адамдар бұл соқа сүйрейтін жылқы емес, ауыздығымен құс тістейтін, нағыз қасқыр соғатын жүйрік десті. Шынымен, тұяқтарын тақылдатқан бұл тұлпарлар республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлері атаныпты. Қазақ халқы ұшса құс қанаты талатын ұлан-ғайыр атырапты осы серіктерінің көмегімен қорғап қалған. Жылқы малы өңірімізде қолға үйретілгенімен, атадан балаға мұра болып келе жатқан жамбы ату, көкпар тарту, теңге ілу, бәйге, аударыспақ ойындары кенжелеп қалған. Сәйгүлікті тізгіндеген Нұрболат Қадыров атқа қонған қазақтың рухы биік болады дейді.

Нұрболат Қадыров – сәйгүліктер шеруіне қатысушы, Айыртау ауданы:

– Біз Қарасай мен Ағынтай батырлардың жері -Айыртау ауданынан келдік. Осындай мерекелер көп болсын. Қазақ жылқыда өскен. Ұлттық ойындарды дамыту керек. Қалада өскен балалар атқа мініп үйрену керек. Денсаулыққа жақсы, олар үшін пайдалы болады.

Бұл күні кішкентай балалар атқа мініп, мәз-мейрам болды. Әділхан Әбілді Қарағанды облысынан келген. Оны анасы мен әжесі ұлттық мерекені көрсін деп әдейі ертіп әкеліпті.

“ҚымызFest» фестивалі аясында халықтық жәрмеңке өтті. Шеберлер сүйек, ағаш, теріден жасаған бұйымдарын ұсынды. Ілияс Баймағанбетов жүгендерді өріп, қамшылар жасайды. Осы кәсіппен 4-ші жыл айналысып келеді. Ұлттық өнерді ауыл ақсақалдарынан сұрап, интернеттен ізденіп, аттың басындағы өрілген жүгендерді тарқатып үйреніпті. Бір жүгенді өруге көп дегенде бір апта уақытын жұмсайды екен. Дайын қайыстарды сатып аламын дейді. Келешекте теріні илеп, қайысты өзі жасамақшы.

Ілияс Баймағанбетов – Чкалов ауылдық округының қолөнершісі, Тайынша ауданы:

– Мына жүген 12 таспадан өрілген. Қос жылан бауыр өрімі деп аталады. Қиындығы бар. Зер салып өрмесе, таспалары шатасып кетуі мүмкін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аудандардан келген атбегілер мен шеберлер үйлеріне құр қол қайтпайды. Диплом және бағалы сыйлықтармен мараптталады.

Ерлік Мұхамеджанов – «Қымызфест» фестивалін ұйымдастырушы, «Қызылжар жастары» ЖҚБ төрағасы:

– Фестивалдің аясында аспаздар сайысы өтетін болады. Петропавл қаласының ең үздік мейрамханалары және дәмханалары дәмді бесбармақ әзірлуден жарысады. Аудандар қымыздың бірнеше түрін алып келді. Халық алып, риза болып жатыр. Фестивал төңірегінде сақа ұлттық ойыны өтіп жатыр.

Ауқымды шарада көнеден қалған, әйтсе де, қазір қалың көпшілікке мүлде таныс емес “Сақа” ұлттық ойыны дәріптелді. Адамдар мүйізді ірі қараның асығы және жылқының сүйектерімен ойнады. Осы күні құлағына сырға салған ару қыздар мың бұрала билеп, меркенің ажарын аша түсті.

Әжелер де қарап қалмай биші қыздарға ілесті. Бала-шаға да шат көңілмен шын қуанып, мерекенің лебін сезді.

Берік Қасен