МТРА жаңалықтары

Шекара қызметінің мерейтойына арналған эстафета Петропавлға жетті

Руслан Қоқамбаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімінің командирі:

– Шекарашылар ел іргесін берік күзетіп отыр. Біз бабаларымыздан қалған жерді көзіміздің қарашығындай сақтау керектігін жақсы білеміз. Мемлекет аумағына қылмыскерлерді, есірткі заттарын кіргізбеу міндетіміз. Әрдайым шекара шебін қорғауға дайынбыз.

Бүгін шекарашылар Н. Погодин театры алаңына жай жиылған жоқ. Олар бұл маңда шағын көрме ұйымдастырыпты. Жерлестеріміз осы жерден қару-жарақтың сан түрі мен қызметтік құрал-жабдықтарды тамашалай алды. Сонымен қатар, әскерилер ҰОС қаза тапқан жауынгерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Кейін, “Мәңгілік алауға” гүл шоқтарын қойды.

Үстіміздегі жылдың тамыз айында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толады. Осы айтулы мерекеге орай республика аумағында эстафета ұйымдастырылып отыр. Шара аясында бүркіт бейнеленген символ әр өңірде болмақ. Бүгін бұл нышан Петропавлға жеткізіліпті.

Жұмахан Әбілбеков – ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Бұл эстафета мамырдың 17-сі күні Алматы қаласында бастау алды. Сондан бері 6 мыңға жуық жол артта қалды. Кеше кезекті біз Павлодар облыс шекарашыларынан қабылдадық. Бүгін салтанатты шара Петропавлда өтуде. Енді, ертең эстафета Булаев және Мамлютка қаласы мен Пресновкаға жеткізілмек.

Сонымен, эстафета символы жолға шықпақ. Оны әскерилер салтанатты түрде алып кетті.

2032 әскери бөлімінің шекарашылары кезекті Қостанай облысындағы әріптестеріне бермек. Жалпы, шара аясында арнайы белгі 15 мың шақырымнан аса жолды жүріп өтпек. Эстафета 18-ші тамыз күні Астана қаласында аяқталады.

Култанов Байболат