МТРА жаңалықтары

“Мағжан көктемі” төртінші республикалық өнер фестивалі өтті

АНАРХАН ДҮЙСЕНОВА, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– Қазақтың маңдайына біткен шолпан жұлдызы Мағжан рухына қандай құрмет көрсетсе де лайықты. Облыс орталығындағы бас көшелердің біріне есімі беріліп, ақын атындағы алаңға ескерткіші орнатылды. Солтүстік Қақпасы Петропавлдың орталық вокзалында қала қонақтарын ақының ескерткіші қарсы алады.

Барлығы 15 сайыскер үш аталым бойынша сынға түсті. Бірі ақиық ақының ғибратты ғұмыры мен шығармашылығына арнаған төл туындыларын оқыса, екіншілері Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайысты, ал үшіншілері қазылар алқасына ақын өлеңдеріне жазылған жаңа әндерін ұсынды.

НҰРЛАН ЖАМАНТАЕВ, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл фестивальге еліміздің үздік ақындары, композиторлары мен дарынды жастары қатысып отыр. Үміткерлердің жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Қатысушылардың ішінде жастар да, аға буын өкілдері де бар. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар ұсынылады.

Қатысушыларға қойылатын талап күшті. Олардың қабілетін елімізге еңбегі сіңген белгілі тұлғалар бағалады.

ЖОЛАМАН ТҰРСЫНБАЕВ, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері, композитор, қазылар алқасының мүшесі:

– Менің мамандығым музыка болған соң, осы салаға ерекше көңіл бөлемін. Сайыскерлердің туындылары халыққа жетуі керек, жүрегінен орын алуы тиіс және оның рухани қалыптасуына септігін тигізуі шарт.

Сайыскерлердің бірі-Қарағандылық Марғұлан Уәли. Ол “Мағжан өлеңдеріне шығарылған жаңа ән” аталымы бойынша сынға түсті. Жас композитор үшін бұл екінші фестиваль. Бұған дейін, 2015 жылы, қанжығасына байқаудың ынталандыру сыйлығын байлапты. Биыл жеңістен үмітті.

МАРҒҰЛАН УӘЛИ, үміткер, Қарағанды облысы:

– 2015 жылы қатысқанда Мағжаның “Жас сұлуға” атты өлеңіне ән жазған болатынмын. Биыл “Сағындым” өлеңін таңдадым. Бұл туынды менің жүрегіме ерекше әсер етті. Бұл түрмеде жазылған өлең, сондықтан өзімді Мағжан бабамыздың орнына қойып, осы әнді жаздым.

ЗКТ: Жалпы бұл сынға республиканың 12 облысынан 60 үміткер қатысыпты. Ақтық сынға тек үздіктер іріктеліпті.

– Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай Қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін.
Жастар сарайының сахнасында өнер көрсетіп жатқан бұл саңлақтар бүгін ақиық ақын артқан сенімді ақтап отыр. Алты алаштың басын қосқан өнер фестивалінің қатысушылары дүлдүл ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын барынша дәріптеуде.

Саят Ермек