МТРА жаңалықтары

Әскерге бару – перзенттік парыз!

Бауыржан Сүлейменов – әскерге шақырылушы:

– Менің ойымша әр Қазақстан азаматы Отан алдындағы борышын өтеуі қажет. Мен өз еркіммен әскер қатарына алындым. Кейін келісім шарт бойынша қызмет істегім келеді.

Бүгіннен бастап-ақ, болашақ сарбаздар әскери тәртіпке үйрене бастамақ. Сап түзеп жігіттер тобы 6637 әскери бөліміне арнайы экскурсияға аттанды.

Әскери бөлімде, сондай-ақ, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен туған-туыстары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Казарма, асхана және өзге де нысандармен танысып шыққан ата-аналардың көңілдері орныққандай.

– Мен бүгін жиенімді әскерге шығарып салуға келдім. Орал қаласында борышын өтемек. Ақ жол тілеймін.

– Ұлым биыл 19-ға толды. Өз еркімен әскерге барғысы келді. Борышын сәтті өтеп келеді деп үміттенемін.

– Менің ұлым 6637 әскери бөлімінде қызмет істейді. Немерем оның ізін басып, әскерге аттанғалы отыр. Сәттілік!

Көктемгі әскерге шақырылу маусымы басталғаннан бері өңірімізден Отан алдындағы борышын өтеуге 600-ден астам бозбала тартылған. Олар қазір шекара, қарулы күштер мен ұлттық ұлан сапында парыздарын орындауда. Жақын арада бұл қатарға тағы 43 адам қосылмақ. Дәрігерлік жіті бақылаудан өткен 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер енді Орал қаласындағы 5717 әскери бөліміне аттанады.

Мақсат Мұқанов – СҚО бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

– Бүгінгі таңда әскеріміздің әл ауқаты мол. Сондықтан, әскерге шақырылушылардың ата-аналары үшін экскурсия жасаудамыз.

Атап өту қажет, күзгі әскерге шақырылу маусымы бірінші қазаннан желтоқсан айына дейін жалғаспақ.

 

Эльмира Садвокасова