МТРА жаңалықтары

Петропавл қалалық ІІБ музейімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты

Мұражайды тәртіп сақшылары 3 айдың ішінде жасақтапты. Бұндағы экспонаттар -полицейлердің жұмыста қолданған құралдары, түрлі наградалары мен арнайы акция кезінде тұрғындардан тәркіленген қару-жарақ. Барлығының да өз тарихы бар. Мәселен, мынау – пәтер тонаған қылмыскердің құлақ жарғағының таңбасы. Бұл ұрлық фактісін әшкере етуде зор септігін тигізіпті.

Мақпал Алпысова – Петропавл қалалық ІІБ кадр бөлімінің аға инспекторы:

– Қылмыс орнында ешқандай саусақ ізі болмаған. Бірақ, ұры үйді тонар алдында есіктен тың тыңдаған. Сол кезде оның құлағының ізі қалып қойыпты. Кейін криминалистер сол арқылы баукеспені тауып, құрықтады.

Бүгін қалалық Ішкі істер басқармасына аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бас сұқты. Облыс әкімі музей ішін аралап, жәдігерлерді байқады. Музейдегі тілек кітабына өзінің жылы лебіздерін жазып қалдырды. Өңір жетекшісі бұндай мұражайлар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор үлесін қосатындығын тілге тиек етті. Күн-түн демей қалтқысыз қызмет ететін полицейлердің жұмысын кеңінен насихаттау керектігін де айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Қарапайым қызметкерлердің де жұмысын жақсылап көрсетуіміз керек. Интернет арқылы, телевидениеде, түрлі-түрлі фильмдер түсіріп. Қажет болса біз арнайы қаражат бөлеміз.

Ал, бұл Ішкі істер басқармасы жанындағы қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған аллея. Мұнда Қазақстан полицияның 25 жылдығына орай ескерткіш қойылған. Құмар Ақсақалов аллеяны көріп, тәртіп сақшыларының ерен еңбегі әрдайым құрметтелу керек деді. Сондай-ақ, қиын да жауапты істі ерлермен бірге атқарып жүрген нәзікжандардың да үлесі зор екендігінн тоқталды.
Айта кету керек, жуырда облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінде тек нәзікжандылардан құралған взвод пайда болды. Онда 10 әйел қызмет етіп, көліктер көп жүретін көшелердің қиылыстарында қозғалысты ретке келтірумен айналысады.

 

Риат Шони