Құқық қорғау органдары

ІІД қызметкерлері пәтер кілттеріне ие болды

Жалпы нысанды қалыпқа келтіруге облыстық бюджеттен 67 млн теңге қаржы жұмсалған. Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойы мына жиылған тәртіп сақшыларының есінде мәңгіге сақталары анық. Өйткені, бұл жандар кәсіби мейрамдары қарсаңында баспаналы болғалы тұр. Жүздері бал-бұл жайнаған қауымды маңызды сәтпен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

 


–  Еліміз тәуелсіздігін алғанда құрылған полиция қызметіне биыл 25 жыл толып отыр сіздер ел тыныштығын қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайсыздар.Сіздер өз жұмыстарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Соған алғыс айтамын.

Кейін аймақ жетекшісі өз пәтерінің кілтін алуды тағатсыздана күткен жандарға оны салтанатты түрде табыс етті. Айта кету керек, бұл күні жатақхана кілттеріне ие болған 41 отбасыдан бөлек, тағы 11 полиция қызметкері «Қазақстаның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге Береке шағын ауданында пәтер алды.

Бұл күні тағы «Үздік маман» атанған қос полицейге қызметтік көліктердің кілті табыс етілді. Солардың бірі – Дәулет Метолқынов.

Бұдан соң облыс әкімі ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне арналған жатақхананың таспасын салтанатты түрде қиып, жаңадан көшіп келіп жатқан тәртіп сақшыларының пәтерлеріне кіріп, ішін аралады. Қоныс иелерімен тілдесті. Рамазановтар отбасы үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Арман мен Қалампыр көптен күткен пәтерлерін алды. 4 баланы тәрбиелеп отырған жанұя осыған дейін пәтер жалдап келген. Енді олар алаңсыз жатақханада тұрып, коммуналдық төлемдерді ғана төлейтін болады. Ал қалған қаржыны жинап, үлкенірек баспанаға қол жеткізуді жоспарлап қойған.

Арман Рамазанов – Петропавл қалалық ІІБ уақытша ұстау изоляторының инспекторы:

– Осыған дейін жалдамалы пәтерлерді жалдап келгенбіз. Бүгін міне, өз пәтерімізге қол жеткіздік. Қуаныштымыз.

Қалампыр Рамазанова – жұбайы:

 

–  Маған барлығы ұнайды. Жиһаз, киімдерімізді әкелсек болғаны.

Бүгіндері облыстық ішкі істер департаментінде 3 мыңнан астам адам еңбек етуде. Солардың 1 мыңға жуығы баспанаға мұқтаж екен.

Магжан Ахмадина