МТРА жаңалықтары

СҚО табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі трансшекаралық оқу-жаттығу жиыны өтті

Қорған облысының мамандары да біз сияқты өрт ошақтарын анықтау үшін пилотсыз ұшу аппаратттарын қолданатын болған. Қос тарап тәжірибелерімен алмасып болған соң практикалық кезеңге көшті. Алдын ала құрылған сценарий бойынша қызыл жалынды ауыздықтау амалдарын пысықтады. Айтпай келген апатқа жергілікті әкімдіктер әзір тұрған техникалары мен тұрғындардан жасақталған еріктілер тобын жіберді. Адамдар келе салысымен қаз-қатар тұрып алып, өртті сөндіруге кірісті. Қызыл жалын басқа учаскелерге жайылып кетпес үшін тракторшылар жерді жыртты. Сонда да тілсіз жау бой берер емес. Қатты желдің әсерінен 52 гектар алқапқа жайылып, жақын маңдағы орманға ауыз салды. Бұл жерге Мамлют аудандық орман шаруашылығының қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылды. Өрт көршілес Қорған облысына қарай өтіп кетуі мүмкін еді. Осы жөнінде СҚО ТЖД ресейліктерді хабардар етті. Көршілер уақыт оздырмай көмекке лезде жетті.

Алексей Ткачев – Қорған облысы бойынша Ресей ТЖМ бас басқармасы бастығының орынбасары:

– Трансшекаралық оқу-жаттығу жиындары дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Осындай ауызбіршіліктің арқасында соңғы 5 жылда Қазақстан мен Ресейдің шекарасында дала және орман өрттері тіркелген жоқ. Апат айтып келмейді. Тиісінше оған әрдайым дайын болу керек. Және екі елдің өрт сөндіру жасақтары ылғи иық тірестіріп, бірлесіп әрекет етулері қажет.

Батыстан соққан жел жағдайды тым ушықтырып жіберді. Орманға жақын тұрған ауыл қызыл жалынның ортасында қалды. Қас пен көздің арасында үш үй отқа оранды. Халықтың мазасы қашты. Сыртқа шығар жалғыз жолмен өту мүмкін емес. Құтқарушылар қолда бар құрал-жабдықтарымен ағаштарды кесіп, эвакуациялық көлікке басқа жол ашып берді.

Абырой болғанда, Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің полиция өкілдері оқиға орнына дер кезінде жетіп, 100-ден астам тұрғынды көлікпен қауіпсіз жерге шығарып алды. Дәрігерлер зардап шегішілерге медициналық көмек көрсетті.
Дүлей жел жалынның бағытын басқа жаққа бұрып жіберді. От алқапта тұрған ауыл шаруашылығы техникаларына жақындап қалды. Жеке құрам ол жерге жетемін дегенше, от багі бензинге толы жүк көлігін жалмап үлгерді. Бак қатты қызып, жарылуға шақ қалды. Бірақ, өрт сөндірушілер тез қимылдап апатты болдырмады.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Біз облыстағы жағдайды үнемі жоғарыдан квадракоптермен бақылап отырамыз. Қай жерде өрт болып жатқанын бірден білеміз. Және казгидромет мамандарынан желдің екпіні, оның қай жақтан соғып жатқандығын күнделікті біліп тұрамыз.

Солтүстікқазақстандық және ресейлік мамандар өздеріне жүктелген міндеттерді жарты сағаттың ішінде ойдағыдай атқарып шықты. Жиын соңында қос елдің құтқарушылары өзара әрекет ету жоспары мен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Осы күні екі жақтың да мамандары “Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапатталды.

Берік Қасен