МТРА жаңалықтары

“Ер Отан” клубы халықаралық әскери-патриоттық жиындардан оралды

Бүгін олар “Айбын” әскери-патриоттық жастар жиынында алған әсерімен бөлісуде. Алтынбек Әбілев “Менің роботым” конкурсына қатысыпты.

Әскери жиын маусым айының 12-17-сі Қарағанды облысында өткен болатын. Осы мерзім аралығында жасөспірімдер өзге мемлекеттен келген қатарластарымен әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сынға түсіп, қарудан оқ атудан сайысты. Халықаралық жарысқа отандастарымыздан бөлек Ресей азаматтары да қатысыпты. 24 команданың ішінде біздің “Ер Отан” әскери-патриоттық клубы 12-ші орынға тұрақтады.

Арман Бақытжан – СҚ КПК жанындағы “Ер Отан” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Мен әскери өмірдің шет жағасын көрдім. Болашақта осы саланы таңдау жоспарымда бар.

Балаларды халықаралық додаға дайындаған бапкерлер “ҚР Қарулы күштеріне -25 жыл” мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

Еркінбек Байболов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Биылғы әскери-патриоттық жастар жиыны Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналды. Осындай жиын елімізде 3-ші жыл қатарынан өтуде. Шара арқылы біз жастардың арасында интернационалдық қарым-қатынасты нығайтпақпыз. Мақсатымыз – жастарды осы бастан әскери өмірге даярлау болып табылады.

Осында отырған кейбір жастар болашақ өмірлерін әскери саламен байланыстыруды жоспарлауда.

Берік Қасен