Мәдениет

Петропавлда “Парасатты полиция” атты қойылым саханаланды

Тәртіп сақшысы – патриот, аңқау, аққөңіл, барлығына көмектесіп, қол ұшын бергісі келіп тұратын жан. Бір күні республикалық байқауда өнер көрсету үшін ұжымға шақырту келеді. Бірақ, сайыс ережесіне сай ансамбль ішінде тек қана қыздар болуы шарт. Ауыл намысын ауқымды сайыста қорғау үшін Алтынбекке қыз кейпіне енуге тура келеді. Мұнда басты рөлді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Дулат Тәшен сомдады.

Дулат Тәшкен – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі:

– Мен осы рөлге дейін біраз рөлдерді сомдаған едім. Бірақ, қыздың рөлін бірінші рет орындадым. Маған кішкене қиындау болды, оның жүріп тұруы, оның іс-қимылы, сөйлеуі, әрине қиындық тудырды. Бірақ та, әріптестерімінің арқасында осындай бір дүние шығардық.

Соңында байқауға шалғай жерден ат терлетіп барған ансамбль жеңіске жетеді. Бас жүлде – Еуропаға жолдама алады. Сәкен Жүнісовтың “Қысылғаннан қыз болдым” пьесасының желісі бойынша “Парасатты полиция” деп аталған комедиялық, музыкалық жанрдағы қойылым дүйім жұрт назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Аталмыш спектакльге театр ұжымының барлық әртістері тартылыпты.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Осы ІІД біздің театрға қосқан үлесі үлкен, орасан зор деп айтуға болады. Сондықтан, бізде қарап қалмай, осы Қазақстан полициясының 25 жылдығының аясында біздің театрдың атынан құрмет, құттықтау болсын деген ниетпен кішігірім қойылым дайындадық. Біздің тартқан сыйымыз ұнап, көңілден шығады деген ойдамын.

Спектакль сахнада 1,5 сағатқа жуық жалғасты. Өнерсүйер көрермен қойылымға өз бағаларын берді.

Дидар Малаев:

– Менің ойымша келген көрермен қауымға бұл қойылым ұнады. Қазіргі заманауи тақырып.

Жәнібек Сұлтанов:

– Біз өте ризамыз. Осындай кеш арнап отырғанына. Өте жақсы қойылым.

Тогжан Акмагамбетова