Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Біздің жер – ең құнарлы. Соны біздер қалай пайдаланып жатқандығымызға сараптама жүргіздік. Соңғы 5 жылда жалпы ішкі өнім көлемі өссе де, сапа жоқ. Алып жүрген астықтың 50 пайыздан астамы негізінен 4-5 сыныпты. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы басты әлеует болып саналатын өлкеміз үшін табыстылығы аз өсімдік шаруашылығында бірқатар кешенді проблемалар бар. Жерді тиімді пайдаланбай отырмыз. Осыны шаруалар түсінуі тиіс. Тағы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын кәсіпорындар жөнді салық төлемейді, еңбеккерлерге жағдай жасамайды. Оның үстіне жалақы мөлшері де мардымсыз.

Өңірде ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші – 511 ірі компания бар. Солардың тек әр бесіншісінің ісі өрге басуда. Бүгіндері 106 кәсіпорын ғана жермен жұмыс істеп, жаңа технологияларды қолданады екен. Салаға деген мемлекет қолдауы да жақсы биылдың өзінде 44 млрд теңге қаржы бағытталыпты. Тек жұмыс істеймін деген жан табылса болғаны.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Биыл біздер алқаптарда әртараптандыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде майлы дақылдар алқабы – 200 мың гектарға ұлғайтылып, 712 мың гектар алқапқа себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға, ал республикалық көрсеткіштен 30 пайызға артық. Жасымықтың алқабы 2,5 өсті. Мамандардың айтуынша бұл, Қазақстанға әлемде аумақ бойынша бесінші және экспорт бойынша төртінші орынды иеленуге мүмкіндік береді.

Жиында тағы өзімізде өсірілген өнімдерді қайта өңдеу керектігі де айтылды. Биыл біздер шұжық, ірімшік, сүт өнімдерін көбірек өндіре бастадық. Бірақ оның өзі аздық етеді. Біздер тауарды экспортқа да шығару керекпіз. Кездесуде тағы ауыл шаруашылығына қажетті техниканың жайы айтылды. Олардың көбі ескі. Ал жаңаларын алуға қыруар қаржы жұмсалады. Сондықтан бұл саланы өзімізде дамытқан абзал. Бүгіндері машина жасаушы кәсіпорындардың тапсырыс портфелі – 30 млрд теңгені құрап отыр. Теріскей инвестиция тартуда да ауқымды жұмыс жасаған. Жыл басталғалы өңірге 43,8 млрд теңге қаржы тартылған. Бұл өткен жылғы көрсетикішпен салыстырғанда 21 пайызға артық. Енді көпшіліктің бас ауруына айналған баспана мәселесіне тоқтала кетсек. Биыл 200 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Алдағы уақытта үй кезегінде тұрғандар «Жас өркен» ауданынан баспаналы бола алады. Өйткені онда ауқымды жобалар қолға алынған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Биыл біздер Жамбыл көшесі бойында ауқымды жобаны бастап кеттік. Ол жерде 500 ден астам нысан бұзылып, орнына заманауи ғимараттар, баспаналар тұрғызылмақ. Ол ауданда 2045 пәтері бар 7 тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр. Оқушылар сарайы да сол жерде бой көтермек.

Тағы биылғы жылы өңірде 647 шақырым жол жөндеу көрмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Айта кету керек, жұмыстар 3 бағытта жүргізілмек. Яғни, көршілес Ресей Федерациясымен байланыстаратын 3 күре жол қалыпқа келтірілетін болады. Тағы елді мекендер мен облыс орталығын аббаттандыру шаралары да қолға алынуда. Осы ретте кеңес мүшелері сөз алып облысымызда орын алып жатқан оң өзгерістерді айтып өтті.

Құдайберген Қалиев – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, СҚО Құрметті азаматы:


–  Шынымен де облысымыз астықты аймақ. Сондықтан алқаптарды әртараптандыруға басымдық берген жөн. Барлық өнімдерді өзімізде өңдейік, элиталы тұқымдарға басымдық берейік деген ойларыңыз қуантады.

Құдайберген Қалиевтің ауыл шаруашылығы саласындағы әңгімесін жалғай түскен облыс әкімі Құмар Ақсақалов бүгіндері аталмыш сектордың жұмысын бір жолға қою керектігін тағы да бір қадап айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бүкіл ауыл шаруашылығы саласында істеп жатқандар 7 млрд теңғге салық береді. Өзгелермен салыстарсақ, «Севказэнерго» АҚ – 1,5 млрд теңге, Петропавлдағы арақ-шарап зауыты – 3,5 млрд теңге салық түсіреді.

Жиынды қортындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов тағы да барлық мемлекеттік органдарды ашық болуға шақырды.

Мағжан Ахмадина