Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл басынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ 195 жобаны қаржыландырған

Мұрат Ибраев – Лебяжье ауылдық округының әкімі, М.Жұмабаев ауданы:


– Округте 2013 жылдан бастап мал шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылды. Біз халыққа бағдарламалардың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірдік. Содан кейін көбі несие алып, ата кәсіпке бет бұрды. Біз жайылымдық жер, шабындықты жалдауға қатысты мәселелердішешіп береміз.

Қаржылай қолдаудың арқасында Болат Омаров мемлекет бағдарламасына бір емес бірнеше рет жүгінген. 4 жыл бұрын “Сыбаға”-мен 30 бас мүйізді ірі қара алып, малдың басын көбейтіпті. Биыл “Ынтымақ” бағдарламасымен 9 млн теңге арзан несие ресімдеп, ол қаражатқа салқындатқыш танкер, сүт тасығыш көлік пен шөп тығыздағыш сатып алыпты. “Ынтымақ” бағдарламасының шартына сәйкес, техникаға кеткен шығынның 50 пайызы заемшыға қайтарылады.

Болат Омаров – “Керей” ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы, М.Жұмабаев ауданы:

– Еттен көрі сүт бағытында пайда көп. Мен май зауытымен келісіп, сүтті сатып алу бағасын 95 теңгеге көтеру туралы айттым.


Болат Омаров жеке тұлғалардан сүттің литірін 75 теңгеден сатып алады. Оған 20 теңге үстемеақы қосып ақты Булаево қаласындағы май зауытына жеткізіп тұрады. Күнделікті тұрғындардан қабылдаған шикізаттын анализатормен тексереді. Себебі, кейбіреуі су қосып жіберуі мүмкін.

Болат Омаров – “Керей” ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы, М.Жұмабаев ауданы:

– Анализатор сүттің майлылылығы 3,8 пайыз екенін көрсетіп тұр. Бұл жоғары сапа. Сүттің құрамында су жоқ.

Болат Омаров 4 әлеуметтік жұмыс орнын құрған. Еңбеккерлерге 50 мың теңге айлық төлейді. Жалақының тең жартысын мемлекет субсидиялайды.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының аумақтық филиалы 195 жобаны қаржыландырған. Қарыздың дені сүт-тауарлы фермалар мен кооперативтерді дамытуға бөлінген. Барлық бизнесменге несие жылдық 6 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен беріліпті.

Ильдар Хасен – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ несие менеджері:

– “Ынтымақ” бағдарламасы бойынша салқындатқыш танкер, сүт тасығыш көлік және сою қосыны мен инкубаторларға арналған қондырғыларға жеңіл бағамен қол жеткізуге болады. Бағдарлама аясында 50 млн-ға дейінгі несие 84 айға беріледі. Негізгі қарызды өтеу мерзімі 2 жыл кейінге шегеріледі. Мемлекеттен несие алу үшін салық органдарында жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелу керек. Кооперативке мүшелік ететін адам саны 20-дан кем болмауы тиіс. “Ынтымақ” бағдарламасының қатысушыларынан кепілзат сұрамаймыз.

Ал, кооператив мүшелеріне “Ырыс” бағдарламасы аясында жеңілдіктер қарастырылған. Дей тұрғанмен заемшылардан кепілзат ретінде үй, көлік, жер учаскесі, ауыл шаруашылығы техникасы сұралады.

Ильдар Хасен – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ несие менеджері:


–  “Ырыс” бағдарламасы” бойынша сиыр, сауу қондырғылары мен жемазық сатып алу үшін несие беріледі. 13 млн теңгеге дейінгі заемды жылдық 6 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен алуға болады. Қарызды 7 жылға бөліп қайтаруға мүмкіндік қарастырылған.

Жыл басынан бері “Ырыс” бағдарламасы аясында солтүстікқазақстандықтар қаржы ұйымынан 500 млн теңгеге жуық несие ресімдеп, 2 200-ден астам сиыр сатып алыпты.

Берік Қасен