Білім

Химия-биология бағытындағы НЗМ студенттері экспедициядан оралды

Кішігірім саяхаттары барысында студенттер белгілі бір жоба тақырыбын таңдап, соның негізінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Жинаған білімдерін болашақта студенттер химия, биология, тарих және география сынды пәндерде қолданбақ. Мәселен, Ақжан Жолдыбаев “Риддер қаласының Қазақстан экономикасына қосқан үлесі” атты зерттеу жобасын дайындауда. Шығыс өңірде студент өзіне керекті барлық ақпаратты жинапты.

Ақжан Жолдыбаев – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Ғалым Кузнецовтың айтуы бойынша осыдан 5000 жыл бұрын Риддер жеріне метеорит құлаған. Соның қалдықтарында Менделеев кестесінің 92 элементі кездеседі. Жалпы, Қазақстан экономикасының тең жартысы Риддер пайдалы қазбаларының үлесінде.

Өскемен гидроэлектростанциясы. Батыс Алтай қорығы. Үлбі металлургиялық зауыты мен Алтай таулары. Бұл “Алаш ізімен” атты экспедицияның тек бір бөлігі ғана. Бір апта бойы теріскейлік оқушылар зерттеу-танымдық экспедиция қатарында болып, өлке тарихы, экономикалық дамуы мен мәдени жәдігерлерін зерттеген. Сондай-ақ, шығыс өңірінің дана да дара тұлғалары Абай мен Шәкәрімнің туған жеріне де барыпты.

Айым Кабенова – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Біз Абайдың үйіне бардық. Мұражай-үйден кейін оның қасында орналасқан Абай мен Шәкәрімнің мавзолейінде болдық. 02-06 Бұл мен үшін өте қызықты болды. Абайдың қара шаңырағын көру арманымда да болмаған еді.

Зерттеу жұмыстары әлі де өз жалғасын таппақ. Ал қыркүйек айында студенттер өздерінің жобаларын қатарластарына таныстырмақ ниетте. Жалпы, Қазақстан бойынша “Туған елге тағзым” жобасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

 

Эльмира Садвокасова