МТРА жаңалықтары

«Туған жер» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясындағы этнографиялық экспедиция

Күлімкөз Смайылова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

– Қазіргі таңда Отанға деген сезім, елге деген құрметтен басталады. Ауылдың тыныс тіршілігімен танысып, рухани байлық жинап қайттық. Бұл игі істі бастап бергенімізге қуаныштымыз. Біз ауылға рухани азық алуға бардық. Жинаған ақпаратты таратамыз.

Әл-Фараби мектеп-лицейі өз жұмысын Есіл ауданының Бұлақ ауылынан бастапты. Кейін Айыртау, Аққайың, Ақжар, Тайынша және Уәлиханов аудандарының көрікті жерлерін аралап, тарихи ескерткіштерімен танысқан. Қалада өскен балалар ауылдың топырағында аунап, май-қаймағын жеп, онда көрген білгендерін ерекше шабыттана баяндап отыр. Олар ең алдымен ауылдағы ағайының ұйымшылдығына, ондағы тәрбие мен тәртіптің бұзылмағандығына тәнті.

Жарас Жеңісов – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Ең көп ұнағаны – Уәлиханов ауданындағы Мырзағұл ауылы. Ауыл адамдары өте ұйымшыл екен. Олардың ауылға деген ықыласы бөлек. Қаймақ, май жеп қайттық.

Қарап отырсақ, өңіріміздің әр ауданы мен ауылы тұнып тұрған жұмбақ мекен. Тек қазір кейбірінде адам саны азайып жатыр демесең, қаймағы бұзылмаған елді мекендер баршылық дейді экспедиция мүшелері. Журналистердің бұл шара әрі қарай жалғасын табады ма деген сауалына әл-Фараби мектеп лицейінің директоры әрине, жалғасады деп жауап қайтарды.

Күлімкөз Смайылова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

– Біздер тағы М.Жұмабаев ауданына барып, атамыздың тарихын зерттегіміз келеді. Бұдан бөлек, мүмкін болса Түркістан қаласына да барып, ондағы тарихи ескерткіштерді аралап, ғылыми жұмыстарымызда қолдануды ойластырудамыз.

Осыдан-ақ, экспедиция мүшелерінің ауыл-аймақтарды аралап ерекше шабыттанып, рухани байлық, күш-қуат жиып қайтқанын аңғаруға болады.

Магжан Ахмадина