МТРА жаңалықтары

ҚР ҰҰ ӘИ 209 түлек ұшырды

Альберт Маткаримов – ҚР ҰҰ Бас қолбасшысының орынбасары:

– Мамырдың 22-сі мен маусымның 15-і аралығында сіздер мемлекеттік 30 емтихан тапсырдыңыздар. Барлықтарыңыз бұл сыннан сүрінбей өттіңіздер. Биыл түлектердің 7-уі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне жіберіледі. Тағы 2-уі еліміздің Ішкі Істер Министрлігінде қызмет етпек. Баршаңызды құттықтаймын.

Міне, офицерлер көптен күткен сәт те келді. Ендігі лейтенанттар Әскери институтты тәмамдағандары туралы құжаттарын қолдарына алуда.

Бұл күнді курсанттар ғана емес олардың ата-аналары да асыға күтті. Амангелді мен Ақмарал Нұрғалиевтердің ұлы Ноғайбай Сапарғалиев те бүгін офицер атанды. Алғашқы еңбек жолын ол еліміздің батыс өңірінен бастамақ.

Ақмарал Нұрғалиева – ата-ана:


–  Енді әскери міндеттерін абыроймен атқарсын.

Айту керек, биыл 209 курсанттың тек 6-уы ғана қызыл диплом иегері атанған. Үздіктердің қатарында Уәлихан Жаукенов те бар. Оқуда озат болған ол лейтенант шенін шілденің 4-і күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алатын болады. Мұндай мүмкіндікке жергілікті Әскери институттың тек 2-і түлегі ғана ие болып отыр.

Уәлихан Жаукенов – ҚР ҰҰ Әскери институтының түлегі:

– Бұл бізге артылған үмт. Оны ақтауға тырысамыз. Барлық офицерлерге сәттілік тілеймін.

Мерекелік шара автокөліктер вальсімен жалғасты. Кейін ерекше биді офицерлер мен ақ көйлек киген арулар жұп болып жалғады. Көгершін ұшырып, 17 саны бейнеленген шарларды да аспанға жіберді. Өйткені, бұл – институттың 17-ші түлектер легі.

Жұмабек Ахметов – ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

– Өзімнің түлектеріме тілейтінім, ешқашан да жолда сүрінбесін. Денсаулықтары мықты болып, алға басып, елімізге адал қызмет істесін. Тек лейтенант емес, полковник, генерал болуға тілектеспін.

Жалпы, Әскери институтта офицерлер 7 мамандық бойынша даярланады. Енді лейтенант погонын тағынған жігіттер қызметтерін атқаруға еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартады. Бірі Батыс пен Шығысқа кетсе, енді бірі Оңтүстік пен Орталық Қазақстанға жіберілмек. Айту керек, келер оқу жылында Әскери институт тағы 220 курсантпен толығады деп жоспарланған.

Айгерім Ержанова