МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Мөңке күні” аймақтық мерекесі өткізілді

Сайысты тамашалауға арнайы келген Ресейдің балық аулау спорты федерациясының президенті Станислав Радзишевский үміткерлерге сәттілік тіледі.

Станислав Радзишевский – РФ балық аулау спорты федерациясының президенті:

– Әлем елдерінде балық аулау спорты бірте-бірте белең алып келе жатыр. Ресейде балықшылардың санын білу үшін статистикалық есеп жүргіздік. Халықтың 22 пайызы осы кәсіп түрімен жиі айналысады екен. Қазақстанда да су жануарына қармақ салатындардың қатары қалың. Биыл қыста балық аулау спорты бойынша әлем чемпионаты Қазақстанда (Қарағанды облысында) өтетін болды. Мұндай жарыстардың осы спорт түрін дамытуға септігі мол.

Үміткерлерге сайыстың шарты түсіндірілді. Су қоймасында ұсталған мөңке балығы ғана есепке алынады. Сондықтан, олар басқа балықтарды бірден суға жіберіп отыруы керек.

Александр Ещанов – сайыстың бас судьясы:


– Бір қуантарлығы, былтырғымен салыстырғанда биыл үміткерлердің саны екі есеге артты. Әйелдердің де қызығушылығы артып келеді. Кейбіреуі бұған әншейін ермек ретінде қарайды. Осы сайыс арқылы үміткерлер балық аулаудың әдіс-тәсілін үйренуге талаптанатын болады. Жарыстың шарты бойынша, суға біреуден артық қармақ салуға болмайды. Жемтік түрлерін өз қалауларынша таңдай алады.

Ереже түсіндірілді. Жарыс басталды. Барлығы 40 сайыскер қармақтарын суға салып, балық аулауға кірісті. Осы сайыста ерлермен бірге 4 келіншек су маржандарын 3 сағат бойы аулайды. Ал, жағажайда басқаларының назары аспаздарға ауған. Юрий Дубинин пияз, сәбіз, қызынақ сынды көкөністерді турап, майдалап жатыр. Көмекшілері балықтарды тазалауда. Олар бүгін келушілерге уханың үш түрін дайындамақ.

Юрий Дубинин – Қазақстан бас аспаздар қауымдастығының мүшесі:

– Біреуіне көкөніс, екіншісіне жарма қосамын. Үшіншісі, классикалық болады. Уханы мөңке, пелядь балықтарынан дайындаймын. Алдымен балықты жақсылап тұрып тазалап, желбезектерін алып тастау керек. Кейін қайнаған суға салып, көкөністер мен бұрыш салып дәмін келтіреміз.

Бір жарым сағаттан кейін тағам дайын болды. Аспаздар 130 литр уха пісірді.
Таза ауада 3 сағат бойы балық аулап, қарындары ашып қалған балықшылар жағалауға шығып, тағамнан ауыз тиді. Басқалары аулаған шикізаттарын өлшетіп жатыр. Василий Каргополов барлығынан көп – 6 келіден артық балық аулап, жекелей сында жеңімпаз атанды. Оған бір жыл бойы су қоймасында тегін балық аулуға рұқсат берілді.

Василий Каргополов – жарыс жеңімпазы, Облыстық қуыршақ театрының суретшісі:

– Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келдім. Бұл мен үшін демалыстың бір түрі. Жұмыстан қолым қалт етсе, бірден қармағымды алып, Ақмола, Қостанай облыстарындағы су қоймаларына тартамын. Қысы-жазы уақытымның көп бөлігін осы кәсіпке арнаймын.

Шараны “СҚО рестораторлар мен отельерлер ассоциациясы” ҚБ және “Праздничный город” агенттігі өткізуде. Ұйымдастырушылар Мөңке күні аймақтық мерекесін дәстүрге айналдырмақшы.

Алена Третьякова – “Праздничный город” агенттігінің директоры:

– Осы мереке арқылы біз демалушылардың қатарын арттырсақ дейміз.
Жазда да, қыста да түрліше тынығуға болды. Мысалы, балықшылар су қоймаларында отбасыларымен балық аулап жүріп демалады. Жағажайда уха пісіреді. Бүгінгі сайысқа қатысушыларға ынталандыру сыйлықтарымыз бар.

Жарыс қорытындысы бойынша ең үлкен және көп балық ұстағандарға жыл бойы су қоймасында тегін балық аулауға рұқсат беретін сертификат табыс етілді. Жүлдегерлерге су маржандарын аулау құралдары сыйланды.

Берік Қасен