Аптадағы маңызды жаңалықтар

Австралиялық инвесторлар СҚО-нан минералдық құмды табуға ниетті

Энтони Торнтон – “IIuka ExpIoration Kazakhstan” ЖШС бас директоры:


– Мен жергілікті мұражайда болып, геологиялық карталарыңызбен таныстым. Соған қарап, өңірлеріңізде минералдық құм бар деп топшылап отырмын. Геологиялық барлау жұмыстарын алдымен Қостанай облысында, бір айдан кейін СҚО да бастауды жоспарлаудамыз. Тамыз айынның соңында бәрі белгілі болады.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жобаны жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешіп беруге көмектесетіндігін жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Жеріміздің өнімділігі жоғары болғандықтан біз түсті металдарды жер астынан іздеу жұмыстарымен мақсатты түрде айналысқан жоқпыз. Өңірімізде әзірге ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді. Ал тау-кен саласы ақсап тұр. Болашақта экономиканы әртараптандырып, түрлі салада жұмыс орындарын көптеп ашу жоспарымызда бар. Облысты индустриалды-аграрлық аймаққа айналдыру керек. Біз сіздерге барлық қолайлы жағдайды жасап береміз. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Биыл “Илюка” компаниясы жалпы тереңдігі 10 мың метр болатын барлау ұңғымасын бұрғыламақшы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жердің құнарлы қабатын қопарып тастағанын кейін, оны қайта қалпына келтіруді ұмытпаңыздар. Келешекте ол жер егін егуге жарамды болуы тиіс.

Бұрғылау жұмыстары Айыртау, Есіл, Тайынша, Тимирязев, Шал ақын және Ғ.Мүсірепов аудандарында жүргізіледі. Келешекте облыс аумағында минералдық құмның үлкен қоры табылса, шикізатты өңдейтін зауыт тұрғызылмақ. Минералдық құмды терең өңдеп, одан церконий, рутил, ильменит, және титан диоксидін алуға болады. Соңғыларын ағартқыш ұнтақтарға қосады екен.

Берік Қасен