Балалар

Жүздеген солтүстікқазақстандық оқушы “EXPO-2017” халықаралық көрмесіне аттанды

Олар әлем назарын өзіне аудартқан “Экспо-2017: Болашақ энергиясы” халықаралық мамандандырылған көрмесіне аттанады. Нұржан Ұнайбеков еліміздің бас қаласында бірнеше мәрте болған. Оқушы өзінің сұлулығымен баурап алған шаһарға тағы бір рет баратынына риза.

Нұржан Ұнайбеков – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мен Астана қаласына мектебімнің оқушыларымен барамын. “ЭКСПО-2017” көрмесі жайлы жаңалықтардан естігенмін. Сондықтан, оны қатты көргім келеді.

Жалпы қаламыздан 175 оқушы еліміздегі басты оқиғаның куәгері атану мәртебесіне ие болған. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық делегация қатарында 16 педагог бар.

Анатолий Тарахтун – СҚО білім басқармасының бөлім жетекшісі:

 

– Бүгін жүздеген солтүстікқазақстандық ұл мен қыздың арманы орындалуда деп айтуға болады. Себебі, олар Қазақстанның ірі жобаларының бірімен танысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Оқушылар ең алдымен, болашақ энергияны дамытудағы жаңа технологиялары жайлы молынан мағлұмат алады. Экспо қалашығындағы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның павильондарына барып, сан түрлі мәдениет және өнертабыстарымен таныса алады.

Міне, поезға отыратын да кез келіп жетті. Балалардың қуанышында шек жоқ. Оқушылар демалыс уақытындағы кішігірім саяхаттан алатын әсерлері ұзаққа жететіне сенімді. Бірер сағатттан кейін олар еліміздің бас қаласына келіп, ауқымды шараның куәгері атанады.

Эльмира Садвокасова