Білім

Жаңа оқу жылында өңір оқушылары үш тілде білім алмақ

Әзірге бұл тек пилоттық жоба. Сондықтан ағымдағы жылы биология, химия, физика мен информатика пәнінің 18 мұғалімі ғана арнайы курстардан өткен. Айнакөз Касенова солардың бірі. Нәзікжанды 3 ай бойы шет тіліне машықтанған. Кезінде неміс тілін оқыған ол үшін ағылшын тілі оңайлықпен бағынбапты.

Айнакөз Касенова – әл-Фараби мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі:

– Бірінші кезеңде біз ағылшын тілін үйрендік. Қиын болды, әрине. Ал екіншісінде пәннің өзін шет тілінде қарастырдық.

Жаңа оқу жылына дейін уақыт бар. Сондықтан өңір педагогтары шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуда. Дәл қазір видео арқылы Шотландиядан білім саласындағы кеңесші Роберт Сим байланысқа шығып, өзінің еліндегі полилингвалды оқыту жүйесі туралы айтып берді. Мұндай жаңашылдықтың елімізге қаншалықты қажет екендігін жергілікті мамандар біледі.

Мархаба Қуантаева – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы СҚО бойынша ПҚ БАИ директорының орынбасары:

– Бірінші тоқсанда ақпарат 25 пайыз шет тілінде, 2-ші тоқсанда 50 пайыл, 3-де 75. соңғ тоқсанда 100 пайыз болады.

Айту керек, 470 сағаттық курстан жаңа оқу жылына дейін тағы 30-дан астам ұстаз өтеді деп жоспарланған. Осылайша өңіріміздегі 99 мектепте үш тілді оқыту басталады. Ол үшін облысымыз 88 млн теңгеге жуық қаражат кетірмек. Бұл сомаға білім ошақтарына «Астана кітап» пен «Оксфорд пресс» баспасынан оқулықтар сатып алынады.

Айгерим Ержанова