Спорт

Петропавлда қазақ күресінен облыстық “Полиция барысы” чемпионаты бастау алды

Кездесу олимпиада жүйесіне сай 4 минутты құрайды. Осы уақыт ішінде қарсыластар бір-бірінен айла-тәсілдерін асырып, ұпай жинаулары қажет.

Уәлихан Дауренбеков, жарыстың бас төрешісі:


– Бүгінгі сайысқа 32 спортшы қатысуда. Жыл сайынғы дәстүрге айналған “Полиция барысы” чемпионаты осымен 3-ші рет өткізілуде. Жарыс мақсаты – тәртіп сақшылары арасында қазақ күресінің беделін арттыру.

Боз кілемге қылмыстық-атқарушы жүйе департаментінің қызметкері Асхат Қайыржанов пен Айыртау аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Шоқан Асқаров шықты. Соңғысы самбодан екі мәрте облыс чемпионы атанған. Бұл кездесуде де ол өз қарсыласын шаң қаптырып кетті.

Шоқан Асқаров, Айыртау АІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары:


– Қарсыласым өте мықты болды. Алғашқы 2 минутта ұпай бойынша жоғары тұрдым. Кейін айламды асырып, таза жеңіске жеттім. Жарысқа бірінші орын аламын деген ниетпен келдім.

Жүлделі орындардан көрінген қызметкерлер бағалы сыйлықтармен марапатталмақ. Ал барлық қарсыластарын артта қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінген қатысушы жаңа теледидар иесі атанады.

 

Эльмира Садвокасова