Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл СҚО 10 елдімекен орталықтандырылған су тарату жүйесіне қосылады

Көпшілігі тіршілік көзінің сапасына күмәнмен қарайтындықтарын әкімдерге көптен бері айтып келген. Биыл өтініштері жерде қалмады. Ел қазынасынан 369 млн теңге бөлініп, ол қаражатқа Шаховское селосында үлкен станция және үш пункт орнатылуда. Бұл жұмыстар “СК-Максимум” компаниясына жүктелген.

Денис Прокопьев – “СК-Максимум” ЖШС диреткорының орынбасары:

– Ауылға қарай жалпы ұзындығы 6 шақырым құбыр, 10 киловаттық желі тартылды. Су тазартатын станцияны орнатудамыз. Бәрі отандық материалдардан құрастырылуда. 2 жыл кепілдік береміз. Бір жері бұзылып қалса, компания қаражаты есебінен жөндеп береміз.

“СК-Максимум” компаниясының жұмысшылары станцияны соны технололгия бойынша салуда. Әрбірінің сыйымдылығы 2 мың литрлік мына резервуарларға таза ауыз су толтырылады. Кейін бірнеше фракциядағы құм және қиыршық тастары бар ыдыста сүзгіден өтіп, оттегімен қанықтырылады. Келешекте бетон ылғал тартпас үшін жұмысшылар оның сыртына битум жағуда. Мұндағы шаруа жыл соңына дейін жалғасады. Ауыл ішіне 6 шақырым құбыр тартылып, әр жерден су тарату пункттері орнатылады. Керек болса тұрғындар өз қаржылары есебінен құбырды баспананың ішіне дейін тартып ала алады.

Бақыт Ілиясов – Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:


– Былтыр Қызылжар ауданына қарасты 13 елді мекенге су құбырларын тарту жұмыстары басталған. Биыл 9 ауылда жұмыстар толығымен аяқталды. Үйге су тартып алатын тұрғындар болса, біз оларға рұқсат қағаздарын алу үрдістерін біршама жеңілдетуге көмектесеміз.

Биыл СҚО-на қарасты 10 елдімекенге су құбырын тарту жұмыстары аяқталады. Қаражат “Өңірлдерді дамыту” бағдарламасы аясында бөлінген.

Әдiлбек Әубәкiров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы:


– Биыл “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 10 елдімекен орталықтандырылған су тарату жүйесіне қосылады. Келесі жылы Ғ.Мүсірепов ауданында 2 ауыл қосылады. Елді мекендерге таза ауыз су жеткізуге ел қазынасынан 2 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі таңда 300-ге жуық ауылдың адамдары тіршілік көзін тасып ішуде. Келешекте халық саны 100-ден асатын, болашағы бар ауылдар орталықтандырылған су тарату жүйесіне біртіндеп қосылатын болады.

Берік Қасен