МТРА жаңалықтары

Қарт майдангер Сергей Пресняков 95 жасқа толды

Асқар Сақыпкереев – облыс әкімінің орынбасары:

– Сергей Михайлович еңбек жолын 1938 жылы экономист болып бастады. Сұрапыл соғыс жылдары Мәскеу, Батыс және Солтүстік майдан даласында болды. НКВД-ның 20-шы дивизиясында міндетін атқарды. Бейбітшілік заман орнағанда комсомолдық жұмыстармен айналысты. Ұзақ жылдар бойы партия қатарында халық үшін маңызды шешімдер қабылдауға атсалысты. 57-ші жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруде қосқан үлесі бар.

Сергей Пресняков зейнетке шыққанан кейін 5 жыл Петропавл педагогикалық институтында болашақ мұғалімдерге өлкетану пәнінен сабақ берді.

Нелли Иванова – еңбек ардагері:

– Сергей Михайлович Ресейде дүниеге келді, бірақ барлық саналы ғұмырын екінші Отаны Қазақстанда өткізуде. Сергей Михайлович -дара тұлға. Өмірін халқына арнап келеді. Жастық шағынан СҚО-ның әсем табиғаты жайлы көп мағлұмат жинаған. Үйінде Ресей мен Қазақстан мұрағаттарынан алынған өлкеміздің тарихы жайлы құнды деректер бар. Осы жайлы бірнеше кітаптары жарық көрді.

Қария кезінде облыстық ардагерлер ұйымына жеткшілік етіп, зейнеткерлерге көмектескен.

Ескендір Елеусізов -облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Сергей Михайлович тумысынан талантты. Сіздің есіміңіз тарих парақтарына жазылды. Сіз Отан үшін қалтқысыз қызмет етіп, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Ұзақ жылдар бойы бірнеше буынға үлгі көрсеттіңіз. Қажымаңыз, 95 жасқа аяқ бассаңыз да сіз бізге керексіз.

Әріптестері, үзеңгілестері мен дос-жарандары қарт майдангерге жылы сөздерін арнады. 50 жыл бойы қол ұстасып келе жатқан жанынадағы жолдасы Альфия Сагидовнаға да алғыстарын айтып, құшақ-құшақ гүлдерін, сыйлықтарын ұсынды.

Баршасы Сергей Пресняковтың өмірде табанды адам болғанын айтады.

Сергей Пресняков – майдангер, еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы:

– Маған айтқан жылы сөздеріңіз жетіп жатыр. Мен үшін елдің алғысын алу үлкен мәртебе. Құрмет көрсетіп жатқандарыңызға рахмет. Біз әрдайым Отан үшін от кешуге дайын болдық. Нанымызды адал еңбекпен таптық. Қолымызға қару алып, фашистермен соғысқанда тек елдің келешегін ойладық. Өмірге құштарлығымыз күшті болды. Осы күнге дейін тек алға деп ұрандатып келемін. Мен тағдырыма ризамын. Өмірімде білімді, парасатты, Отанына адал адамдарды көп кезіктірдім.

Салтанатты жиынан соң барлығы Сергей Пресняковпен бірге суретке түсті. Бұл оның ұрпақтары мен жерлестері үшін естелік болып қалмақ.

Берік Қасен