МТРА жаңалықтары

БАҚ өкілдері тәртіп сақшыларының қызметін атқарды

– Біз қазір Мир көшесінде тұрмыз. Бұл жерде көлік кептелісі де бар. Дегенмен, біздің әріптестеріміз тапсырманы орындауды бастап кетті.

Өз мүмкіндігін сынап көрген 4 журналисттің арасында Айдарбек Балғабеков те бар. “Хабар 24” телеарнасының меншікті тілшісі жүктелген тапсырманы мінсіз орындады. Көліктерді рет-ретімен жіберді. Адамдарды да жолдын келесі бетіне уақытылы өткізді. Осылайша кезекті келесі әріптесіне берді.

Айдарбек Балғабеков – “Хабар 24” телеарнасының меншікті тілшісі:

– Бұл жерде барлығы шынайы өтіп жатыр. Үстімізде формамыз да бар. Басында аздап уайымдадым. Кейін, барлығы жақсы болды.

Осы сәтте басқа журналистер де жай қарап тұрмады. Мәселен, біз көше бойындағы саудагерлерді тексердік.

Кейін, тілшілер қауымы департаменттің техникасын тамашалады. Бұл жерде қызметтік көліктердің бірнеше түрі тұр. Мәселен, мынау – жедел криминалистика зертханасы.

Тағы, “Тигр” машинасының тегеурінін байқадық. Көлікпен жүріп көрдік. Тіпті, мамандар люктан шығу арқылы автоматтан бос оқты әуеге атып та көрсетті. Ал мына жерде қару-жарақтың түр-түрі тұр. Әскери киімдерді де бар. Бронды кеудешені киіп, өлшеп көрдім. Салмағы – 16 келі. Қызметтік иттер де назарымызға ұсынылды. Бұл жерде неміс және белгиялық овчаркалар, спаниель тұқымды 43 үй жануары бар. Төрт аяқтылардың арқасында жыл басынан 400-ден аса қылмыстық істің беті ашылған. Мұнда бәрімізді “Злад” деп аталатын ит таң қалдырды. Алдымен ол жасырынған марихуананы оңай тапты. Кейін, қылмыскерді құрықтады.

Өңірімізге мұндай ісшіл иттер Алматыдан әкелінеді екен. Енді, болашақта жергілікті полицейлер төрт аяқтыларды өзімізде көбейтпек. Қызметтік аттар да сақадай-сай тұр. Бұл жылқыларды мамандар қоғамдық тәртіпті күзету кезінде мінеді.

– Қызметтік аттардың барлығы үйретілген. Жуас. Бұл жылқыларды полицейлер саяжайларды, қала сыртындағы аудандарды күзеткенде мінеді.

Келесі нысан 6637 әскери бөлімінің оқу-жаттығу полигоны болды. Мұнда жиналғандарға алдымен облыстық департаменттің Арнайы жедел әрекет ету жасағының жігіттері қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Кейін, мамандар журналистерге дене шынықтыру сабағын өткізіп, біраз жүгіртті. Тілшілер бүгінгі баспасөз турынан мол әсер алғандықтарын айтады.

Руслан Құсайынов – 31 телеарнаның меншікті тілшісі:

– Атқа мінген жақса болды. Өзіміз ауылда өстік. Азда болса бала күнімізді еске алдық.

Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шара соңында БАҚ жауынгерлік ботқадан ауыз тиді.

 

Култанов Байболат