Денсаулық сақтау

Жыл басынан СҚО бойынша 266 адамды кене шаққан

Евгения Горленко – СҚО бойынша ұлттық экспертиза орталығы филиалының бактериологиялық лабораториясының маманы:

– Кене энцефалиті – осы жәндік арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Ол мидың қабынуын және орталық жүйке жүйесінің зақымдануына әкеп соқтырады. Әдетте, бұл ауру тайгалық кене шағып алған жағдайда жұғады. Алайда, адам энцефалит ауруын басқа да жолдармен жұқтырып алуы мүмкін. Мәселен, кене шағып алған сиырдың сүтін ішсе немесе кенені өз денесінен алып тастағысы келген жағдайда. Инкубациялық кезең бір-екі аптаны құрайды. Кей кезде 30 күнге дейін созылуы мүмкін.

Жалпы облыс бойынша жыл басынан кене шақты деген шағыммен 266 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың ішінде 73-і – балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 28,5 пайызға төмен. Абырой болғанда, олардың қатарында кене энцефалитін жұқтырғандар кездеспепті. Аталған дерт өңірде соңғы 40 жылда орын алмаған екен.

Юрий Пузиков, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментi басшысының орынбасары:

– Жыл сайын кенелерге қарсы тиісті шараларды жүргізу үшін 5 млн теңге қаражат бөлінеді. Жұмысты сәуір айында бастадық. Қар ерігенде улы сұйықтық топыраққа сіңіп, зиянкестерді жоюға септеседі. Дегенмен, олардың толығымен көзін жою мүмкін емес. Алдын алу шарасы тек зиянкестердің санын азайтуға көмектеседі.

Сондықтан, әрдайым қарапайым сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Жабық киініп, бас киіммен жүрген абзал. Ал, табиғат аясына шыққанда әрбір 2 сағат сайын денені тексеріп, кене шаққан жағдайда жақын жердегі емханаға баруы қажет. Бұл, әсіресе, орман-тоғайларда немесе жан-жануарлармен жұмыс істейтін адамдарға қатысты.

Эльмира Садвокасова