Балалар

Облыс орталығында “Сәлем,Қазақстан!” халықаралық көрмесі ашылды

Шетелдік балалар үшін ұйымдастырушылар еліміз жайлы шағын бейнеролик дайындаған. Сөйтіп, Қазақстанмен танысқан олар өз суреттерінде тақырыпты барынша ашуға тырысыпты. Қазылар алқасының сөзінше байқауға ұсынылған туындылардың барлығы 1-ші орынға лайықты.

Лидия Гирко – қазылар алқасының төрайымы, суретші:

– Кішкентай балалардың жұмыстары әрқашан ерекше. Олардың қоршаған орта мен әлемді көруі ересектерден басқаша болғандықтан, балғындардың суретіне тамсана қарадық. Жүлделі орындарды бөлу бізге біршама қиындық тудырды. Менің ойымша, байқауға қатысқан әрбір бала – жеңімпаз. 

Киіз үй, жазық дала мен таулы жерлер. Қазақ даласының кеңдігі мен сұлулығын мына суреттерден-ақ байқауға болады. Бұл теріскейлік қылқалам шеберлерінің жұмысы.

Дарья Кубыкина – байқауға қатысушы:

– Маған сурет салған өте ұнайды. Әсіресе, пейзаж бен портрет. Байқауға жіберген суретімде туған жерімнің бар әсемдігін бейнелеуге тырыстым.

“Сәлем, Қазақстан” тақырыбындағы халықаралық байқауға 127 бүлдіршін өз суреттерін жіберген. 150-ден астам жұмыстың арасынан ең үздіктері таңдалып, марапатқа ие болды. Бірінші орынға “ART-палитра” бейнелеу студиясының тәрбиеленушілері мен Итальялық “Floreale” балабақшасы жайғасқан. Ал жүлделі екінші және үшінші орынды теріскейлік балғындар иеленді.

Валентина Корнева – “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары:

– Кішкентай бүлдіршіндерді елін сүюге – бесіктен бастап баулу қажет. Сондықтан, осындай патриоттық тақырыпты таңдадық. Жұмыстарды қабылдау сәуір айынан басталды. Конкурсқа Италья елінен 25, Польшадан -27, Ресейден -29 және елімізден 49 бүлдіршін қатысты. Осы байқау арқылы шетелдік балалар арасында Қазақстанға деген қызығушылық оянды деп ойлаймын.

Тіпті, Итальялық балғындардың бірі қазақстандықтарға арнап видео-сәлемдеме жолдапты.

Эльмира Садвокасова