МТРА жаңалықтары

Маусымның 24-і облыс орталығында “ҚымызFest” фестивалі өтеді

Ерлік Мұхамеджанов – “ҚымызFest” фестивалін ұйымдастырушы, “Қызылжар жастары ” ЖҚБ төрағасы:

– Фестиваль аясында бесбармақ, қолөнер сайысы өтеді. Бірінші орынға 50 мың, 2-орынға 30 мың, 3-орынға 20 мың теңге бөлінді. Біз ауданан келіп қатысатын үміткерлердің жол шығындарын жабу үшін осындай ұйғарымға келдік.

Осы шара арқылы ұйымдастырушылар жылқы малының алғаш рет Қазақстанның солтүстік өңірінде қолға үйретілгенін жұртшылықтың есіне салғысы келеді. Және тұлпарды Қызылжар қаласының басты символына айналдыруды көздейді. Ойын-сауық шараларының бәрі Ағынтай мен Қарасай ескерткіштерінің маңында осы айдың 24-і өтеді. “ҚымызFest” фестивалі аясында барлығы 4 байқау ұйымдастырылмақ. Оған облыстық кәсiпкерлiк және туризм басқармасы әлеуметтік жоба аясында қаржылай қолдау көрсетпек. Ауқымды шарада көнеден қалған, әйтсе де, қазір қалың көпшілікке мүлде таныс емес “Сақа” ұлттық ойыны дәріптеледі. Және сол күні сақадан сайыс өткізіліп, жүлдегерлерге сыйлық беріледі.

Ерлік Мұхамеджанов – “ҚымызFest” фестивалін ұйымдастырушы, “Қызылжар жастары ” ЖҚБ төрағасы:

– Сақа ойынын менің атам, оның атасы ойнаған. Оынның тарихы тым тереңнен бастау алады. Мұнда сақа ретінде мүйізді ірі қараның сүйегі алынады. Қасындағы 4 сүйек жылқынікі. Оны ойында аталарымыз ди деп атаған.

Ерлік Мұхамеджанов баспасөз брифингінен кейін далаға шығып, атасынан үйренгені бойынша сақаны ойнау ережесін іс жүзінде көрсетіп берді. Ойынның әдісі асық атуға мүлде ұқсамайды. Сақаны лақтырудың өз мәнісі бар. Асық алшысынан немесе тәйкі түскен адам диді бірінші болып атады. Әр көңде (кезең) топайды дәлдеп ата берген адам, ара қашықтықты ұлғайтуды жалғастырады. Бара-бара ойынның қызығы осынысымен арта береді.

Берік Қасен