Құқық қорғау органдары

Маусымның 14-і дүниежүзілік донор күні

Дәл осылай ұрандатқан 30-дан астам мемлекеттік қызметкер өз еріктерімен қан тапсыруға ниетті. Бірақ, ең алдымен олар дәрігерлердің қатаң бақылауынан өтулері қажет. Донор атану үшін адамның гемоглобины мен қан қысымы қалыпты болуы шарт. Жан Айтмағамбетов жаңа ғана ақ халаттылардың тексерісінен өтті. Енді ол қан тапсыруға дайын. Бұл ісімен ер азамат науқас адамдарға қол ұшын бермек.

Жан Айтмағамбетов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Қан тапсыру әр азаматтың парызы. Сондықтан мен де бұл игі шарадан қалыс мһқалмай келдім. Донорлық куәлігім де бар. Жалпы 5-ші рет қан тапсырудамын.

Ал, Юрий Наумочкин алғашқы рет 2013 жылы донор ретінде қан тапсырған. Содан бері бұл істі дәстүрге айналдырыпты. Өйткені, ер азамттың қан тобы сирек кездеседі. 4-ші теріс резус. Мұндай топ әлем бойынша адамдардың 13 пайызында ғана бар екен.

Юрий Наумочкин – СҚО әкімдігінің аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі:

– Менің қан тобым өте сирек кездеседі. Және 4-ші теріс резусты қанға тек осы топтың қанын ғана құяды екен. Сол себепті, мені осы орталыққа жиі шақырып тұрады. Кейде жол апаттарынан зардап шеккен азаматтарға донор болып тұрамын. Егер менің қолымнан біреудің өмірін сақтап қалу келсе, неге көмектеспеске?!

Бір донордан шамамен 450 мл қан алынады. Бұл көмектері үшін оларға 567 теңге көлемінде ақша беріледі. Айту керек, жыл сайын облыстық қан орталығына 5 мыңнан астам донор келеді екен. Ал биыл мұнда 2 мыңнан астам солтүстікқазақстандық келіп қан тапсырған.

Динара Қалуова – Облыстық қан орталығы донорларды жасақтау бөлімшесі меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы:

– Жыл сайын өтеусіз ерікті донорлары көбеюде. Мәселен, биыл олардың саны 5 пайызға жоғарылап, 83 пайызды құрап отыр. Барлық келген донорларға алғысымыз шексіз.

Айта кеткен жөн, өңіріміздің мемлекеттік қызметшілері дәл осындай акцияны жылына 5-6 рет ұйымдастырады екен. Осылайша олар өзге жандарды да игі іспен айналысуға шақыруда.

 

Айгерим Ержанова