Құқық қорғау органдары

Жыл басынан СҚО-да балалардың қатысуымен 14 жол-көлік апаты тіркелген

Жас инспекторлардың сайысы биыл облысымызда 26-шы рет ұйымдастырылуда. Байқауда ұл-қыздар бірнеше кезеңде сыналады. Бастысы, олар жол жүру ережелерін білулері керек.

Әбілсейіт Жолаушин – СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы:

– Байқау шарты бойынша қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, жолда жүру ережелерін білу және көше тәртібін сақтаудан сынға түседі.

Уәлиханов ауданының намысын қорғап жатқан «Қыран» тобы аталған сайысқа алғаш рет қатысуда. Дайындықтары жоғары екендігі байқалады. Алыстан ат терлетіп келген қыз-жігіттер мұннан жеңіспен ғана қайтуға ниетті. Өйткені, жол қозғалысының жас инспекторлары велосипедті тәуір тебетінін де байқатты. Кейін санитар болып, дәрігерлік қабілеттерін де көрсетті.

Аружан Сұлтанов – Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы, Уәлиханов ауданы:

– Бүгінгі сайысқа дайынбыз. Бар өнерімізді салып, жеңіске жетеміз.

Барлығы – 13 команда. Араларынан үздік деп танылған бір құрама өңір намысын республикалық додада қорғайтын болады. Жарыс шілде айының 12-сі мен 20-сы аралығында Өскемен қаласында өтеді деп жоспарланған.

 

Айгерим Ержанова