МТРА жаңалықтары

СҚО “Туған жер” бағдараламасы бастау алды

Осы мақсатта өңір аумағында экспедиция ұйымдастырылмақ. Қазір сапарға қаламыздағы №43 орта мектеп пен әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымы аттанбақ. Олар өлкенің 13 ауданын аралап, тарихи-мәдени орындарда болады.
Бұл сапар ұл-қыздар үшін қызық болары сөзсіз. Өйткені, олар бұрын-соңды болмаған аудандарға аяқ басады. әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы Қайыргелді Абдрахманов ақ қайыңдар өлкесінің тау-тасын аралау арманым дейді.

Қайыргелді Абдрахманов – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Мен көп ауданда болған жоқпын. Сондықтан маған өңірдің барлық жерін көру қызықты.

Экспедиция мүшелері 2 бағыт бойынша сапарға шығады. әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымы Ақжар, Айыртау, Уәлиханов Тайынша аудандарында болуды жоспарлап отыр. Осылайша 1100 шақырымнан аса жолды еңсермек. Олар бірінші ат басын бұратын жерді де белгілеп қойыпты.

Күлімкөз Смаилова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

– Бірінші Есіл ауданындағы Бұлақ ауылына барамыз. Онда Құлсары әулиенің жатқан жері бар.

Шара соңында жиналғандар естелік суретке де түсті.

Айта кетейік, теріскейде “Туған жер” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экспедиция 6 күнге созылмақ.

 

Култанов Байболат