МТРА жаңалықтары

СҚО-да “Азаматтық бақылау” жобасы қайтадан іске қосылды

Айдархан Қайруллин – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің түлегі:

– Мені облыстық жастар мәслихатының мүшелері қабылдады. Олар жазбаша өтінішімді заңгер маманын іздеп жүрген органдарға жолдаймыз деді.

“Нұр Отан” партиясы жанындағы азаматтарды қабылдау бөлмесінің есігі жұмыс күндері сағат 10-нан кешкі 18:00-ге дейін ашық болады. Мұнда кез келген адам келіп, ұсынысын немесе шағымын қалдыра алады. Өтініштерді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің мамандары қабылдайды.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Былтыр қоғамдық қабылдау қыркүйектен бастап желтоқсан айына дейін жұмыс істеді. Осы мерзім аралығында қаладағы және аудандардағы бөлімдеріне 130-ға жуық солтүстікқазақстандық жүгінді. Көпшілігін баспана кезегі, әлеуметтік жәрдемақылар, жер қатынастары саласы бойынша және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы толғандырады.

Ал, өңірдің аудан орталықтарында азаматтарды қабылдау бөлімі аптаның әр сәрсенбісінде жұмыс істемек. Биыл “Азаматтық бақылау” жобасы аясында мектептерде, халыққа қызмет көрсету орталықтары және әкімдіктерде қарапайым адамдар астыртын тексеріс өткізеді.

Абылайхан Қайроллаев – “СҚО жастар мәслихаты” ЖҚБ төрағасы:

– Үстіміздегі жылы 20 мемлекеттік мекемеде 3 рет тексеріс жүргізіледі. Тұрғындарға ерсі қылық танытып, дөрекілік көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді анықтаймыз. Оған белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар атсалыса алады. Астыртын тексеріс жүргізуге келісімін берген тұлғаның киіміне камераны жасырып, оны мемлекеттік мекемелерге жібереміз.

Құқығы тапталған адамдар өз сұрағын анонимді түрде жеткізе алады. Фейсбук, Инстаграм әлеуметтік желілерінде”Азаматтық бақылау” парақшасы ашылған.

Берік Қасен