МТРА жаңалықтары

СҚО әкімдігі жанындағы қала құрылысы кеңесінің отырысы өтті

Жаслан Кабиев – СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы:

 

– Қаланың оңтүстік жақ кіреберісіндегі айналма жолдың аумағында гүлзарлар орнатып, кәсіпорындардың маңайына ағаштар егу жоспарлануда. “Жас өркен” ықшам ауданындағы 18 бірдей кварталдағы ескі үйлерді сырып, орнында заманауи үлгідегі көппәтерлі тұрғын үй кешендері, әлеуметтік ғимараттар бой көтереді.

Соның бірі – 4 қабатты оқушылар сарайы. Оның ішінде түрлі үйірмелерге арналып 40 кабинет, халықаралық жиналыстарды өткізетін мәжіліс залы болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Оқушылар сарайының бір бұрышы ай-ти орталығына бөлінеді. Онда жас ғалымдар білімдерін жетілдіріп, жақсы жобаларын қолданысқа енгізеді. Бізге көшелерді жарық беретін энергияүнемді шамдар, сондай-ақ, үйлерге жылы, салқын суды үнемдейтін технологиялар қажет. Осылайша, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға болады.

Болашақта “Жас өркен” ықшам ауданында 500 орынға шақталған театр, теннис орталығы, 9 қабатты прокуратура ғимараты бой көтермек. Жамбыл көшесінің бойында 260-384 пәтерлік тұрғын үй кешендері салынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Нысандардың сыртқы келбетіне ерекше мән беріңіздер. Арзан, сапасыз материалдарды жапсыра салмаңдар. Шаһарымызға қонақтар мен инвесторлар көп келеді. Сырттан келген адамдар қаланың тұрғындары туралы жақсы пікір қалыптастырып, жақсы әсер алуы керек.

Қазіргі таңда үйлерге жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Мердігерлер үйдің жобасын дайындау, құжаттарды әзірлеу үрдістері тым ұзаққа созылып кеткендігін айтады. Олар күн жылы тұрғанда жерге қазықтар қағып, құрылыс жұмыстарын тез арада бастау керек дейді. Келешекте “Жас өркен” ауданына бірнешеқабатты баспаналар тұрғызылса, сәйкесінше электр қуаты және жылуға деген қажетілік ұлғаяды. Бүгінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселесі біржақты етілуде.

Александр Авдеев – “Казградстрой” ЖШС директоры:

– Үйлердің бағасы арзан болуы үшін құрылыс материалдарын өзімізде шығару керекпіз. Өйткені, Петропавлда бұрын соңды болмаған құрылыс жұмыстары жүрейін деп жатыр. Сондықтан инвесторлар бізге келіп, кірпіш шығаратын зауыттарды ашуы қажет. Өңірімізге жыл сайын 20 млн дана кірпіш керек.

Александр Кондратов – “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:

– Компаниялдарды жерге қағатын қазықтармен толық қамтуға шамамыз жетеді. Басы үшкірленген қазықтарға сұраныс өте жоғары. Мен көптеген елдерде болып технологияларын көрдім. Айтарым, біздегі балшықтың сапасы Көкшетаудікіне қарағанда сапалы. Біз кірпіш зауыттарын шикізат бар жерлерде салуымыз керек.

Келешекте Жамбыл көшесінде көлік кептелістері көп болады. Қозғалысты қиындатпау үшін қосымша магистарлді жолдар ашылуы мүмкін. Құмар Ақсақалов шаһар басшысына құрылыс жұмыстарының жол картасын әзірлеп, рұқсат беру үрдістерін мейлінше жеделдетуді тапсырды.


Берік Қасен