Спорт

Облыс орталығында медицина саласы мамандарының спартакиадасы өтті

Владимир Безлер – СҚО денсаулықты сақтау басқармасының жетекшісі:

– Жарысқа облысымыздан 30-дай команда қатысуда. Биылғы жылы қатысушылар саны артқандықтан, спорт түрлерін де қосуға тура келді. Яғни, мамандар спорттың 7 түрінен өзара бақ сынамақ. Ол – жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, бестас, армрестлинг, дартс, арқан тартыс пен эстафета.

Дода басталып кетті. Алғашқы сайыс – жүгіру. Жарыс жолы 400 метрді құрайды. Қатысушылар жандарын салып, мәре сызығына бірінші болып жетуге тырысып бағуда. Алғашқы үштік бірін-бірі оза жарысуда. Алайда, бұл қашықтықты 1 минут 32 секунд ішінде Диана Дүйсенбина бағындырып, үздік атанады.

Диана Дүйсенбина – Облыстық онкологиялық диспансер психологы:

– Жарысты бастағанда үшінші болып жүгірген едім. Кейін ақытқ мәреге жақындаған сайын, қарсыластарымның шаршағанын сезіп, оларды озып кеттім.

Өздерінің шапшандығы мен ептіліктерін медицина мамандары бестас, тоғызқұмалақ және арқан тартыс сынды ұлттық ойындарда да көрсетуге тырысты.

Раиса Закирина – Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мейірбикесі:

– Медицина маманы болғандықтан, бұл шара өте маңызды. Бүгін арқан тартыс сайысына қатысамыз. Жеңісіміз алдан болсын.

Дүбірлі дода нәтижесі бойынша 1-ші орынды жедел жәрдем қызметкерлері иеленіп, бас жүлде 150 мың теңгені қанжығалады. Екінші орынға Явленка орталық аудандық ауруханасы жайғасса, үздік үштікті облыстық кардиоорталық тұйықтады.

 

Эльмира Садвокасова