МТРА жаңалықтары

Елімізге танымал режиссер Ақан Сатаев кезекті кинотуындыларына актрелар іздейді

Мұрат Құсайынов кәсіби әртіс. Ол 17 жыл қатарынан солтүстікқазақстандық көрерменді талантымен тәнті етіп келеді. Бұл уақыт аралығында ер азамат 50 шақты рөлдерде ойнаған. Оның ішінде драма мен комедия жанрындағы жағымды және жағымсыз персонаждар да баршылық. Ал 2013-ші жылы актер кино саласындада бағын сынап, «Қырғыз-қазақ бір туған» атты фильмде басты кейіпкерлердің рөлін сомдады. Болашақта ол тағы да басқа жобаларға қатысып, кино әлемінен көрінсем дейді.

Мұрат Құсайынов – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

 

– Театр сахнасындағы алатын әсер рекше ғой. Көрерменіңді көріп тұрасың. Ал фильмде бәрі өзгеше. Бірақ көрушілер саны көп болады. Сьемка барысы да мен үшін қызық.

Ал Марина Першуткинаны кастингке балалық арманы жетелеп әкелді. Ол кішкентайынан өзін теледидардан актриса ретінде көргісі келген. Бірақ өнер жолын таңдауына ата-анасы қарсылық танытып, оның биолог мамандығына түсуіне ықпал еткен. Десе де, нәзікжанды арманына берік. Сондықтан, бүгін ол бағын сынап, кастингке келді.

Марина Першуткина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бәріміз адам баласымыз ғой. Кез келген жанның өз арман-мақсаты болады. Мен киноға түскім келеді. Бірақ ол үшін міндетті түрде актер болудың қажеті жоқ қой, меніңше. Дәл осындай кастингтер мен сияқты жандарға үлкен мүмкіндік береді. Егер де менің жолым болып, киноға шақырту алсам, мен қуана барар едім.

Елімізде бұл кастинг өткен айда бастау алды. Петропавлға шығармашылық топ маусымның 11-і келді. Бұл уақыт аралығында әртістік қабілеттерін 100-ден астам жерлесіміз сынап көрген.

Майра Абдиева – «Sataifilm» компаниясының актерлер бойынша ассистенті:

– Өзіміз үшін түртіп алған адамдар бар, әрине. Енді оларды Алматы қаласында тағы бір мәрте ұжымымызбен көреміз. Егер ұнап жатса, онда киноға түсуге міндетті түрде шақырамыз.

Қазақстандағы кастинг шілде айында аяқталады деп жоспарланған. Кейін «Sataifilm» компаниясының мамандары шет ел асып, кейіпкерлерді Моңғолия мен Қытай Халық республикаларынан да іздемек ниетте. Айту керек, «Елбасы жолы» кинокартинасы ағымдағы жылдың қыркүйегінде, ал «Томирис» тарихи фильмінің түсірілімі келер жылы басталмақ.

 

Айгерим Ержанова