Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астанада салтанатты түрде «Экспо-2017» халықаралық көрмесі ашылды

Жай ғана қалашық емес, жұрт таңдай қағып, әдемілігіне тамсанатын мекен. Көздің жауын алатын көрме, көшбасшыларға арналған қызыл кілем. Барлығы бақылауда. Өйткені төрткүл дүние тағатсыздана күтіп отырған шараның ашылу салтанатына 17 мемлекет басшылары мен премьер-ммнистрлері қатысуда. Қазақ елінде ұйымдастырылған мұндай кездесуге арнайы келген мәртебелі меймандарды «Нұр Әлем» павильонында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі ыстық ықыласпен қарсы алды.

ЭКСПО көрмесі тарихының тамыры ғасырлардан сыр шертеді. Халықаралық көрме Лондон, Париж, Брюссель, Чикаго секілді әлемнің әйгілі шаһарларында өткенін атап өткен жөн. Кезек Астанаға да келді. ТМД елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген теңдессіз шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мінберден сөз алып, қазақ жеріне арнайы келген меймандарға ризашылығын білдіріп, көрмені салтанатты түрде ашты.

Нұрсұлтан Назарбаев-Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз ЭКСПО көрмесін ТМД елінде алғаш рет өткізгелі отырмыз. 35 елдің қатарындамыз. Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана жаңа қырынан танылатын болады. 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. ЭКСПО осыдан 166 жыл бұрын жаңа идеялардың бесігі болып табылады. ЭКСПО – ғылыми жаңалықтар көрмесі ғана емес, барлық елдерді бір-бірімен байланыстыратын алтын көпір. 100-ден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Қалада жаңа әуежай, қонақүйлер бой көтерді. Осының барлығы ЭКСПО-дан кейін елге қызмет ететін болады.

Дүниені дүбірге бөлейтін көрменің ашылуы ерекше назарда болды. Мұндағы Медиа орталық журналистерге лық толы. Әр залдағы арнайы LED экрандардан отандық және шетелдік тілшілер әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатын тамашалап, кейін ол туралы ақпаратты жер жаhанға жария етті.

Мағжан Аxмадина – тілші:

– Қазір баспасөз орталығында жұмыс қызған. Халықаралық экспо көрмесінің ашылуына келген 1200- ге тарта журналист нақ осы жерден шартарапқа ақпараттаратуда. Айта кету керек, мұнда БАҚ өкілдері үшін бар жағдай жасалған.

Оны елімізге келген төртінші билік өкілдері де мәлімдеп отыр.

Миранда Оганезова- “Аргументы и факты” газетінің тілшісі, Тбилиси, Грузия:

– Осындай әлемдік маңызы бар шараның ашылу салтанатына келгеніме қуаныштымын. Біздер 150 адам болып келдік. Қазақ халқының қонақжай халық екендігін талай естігенбіз. Енді соған көз жеткізіп отырмыз. Барлығы жоғарғы деңгейде өтуде. Біздер үшін бар жағдай жасалған.

Николай Торосян – “Панармениан.нет” АА тілшісі, Ереван, Армения:

 

– Тақырып өте қызықты. Өйткені, біздерде газ бен мұнай жоқ. Көбіне гидроэнергияны қолданамыз. Сондықтан, мұндай шаралар – сарапшылармен тілдесіп, кеңес алудың жақсы мүмкіндігі.

Айта кету керек, мұндағы басты нысан – қараса көз тоймайтын “Нұр әлем”. Оның диаметрі – 80 метр, биіктігі 100 метр шар түрінде тұрғызылған.

Марат Омаров- “Астана Экспо-2017″ҰК” АҚ департаментінің басшысы:

– Нысанның әр қабаты белгілікті бір тақырыпқа арналған. 8-ші қабат «Болашақ Астана» деп аталады. Бұл жобаны 2050-ші жылға қарай жүзеге асыру жоспарланып отыр. 7-ші қабат ғарыш әлемі, ал 6-шы күн энергиясына арналған. Сатымен төмен қарай түскендер осындай қызықты экспоцицияларды тамашалай алады. 

Алып шардың 5-ші қабаты жел энергиясына бағытталыпты. Мұнда да тылсым табиғаттың ғажайып құбылыстары көрсетілген.

Төлеген Өтеген – стендист:

– Мұнда желдің қуаты көрсетілген. Сол арқылы қарапайым материал ауада қалықтайды.

Қытайдың Үрімші қаласынан келген Сапарқали Оспан мен Сапура Омар биомасса тақырыбына арналған нысанның келесі қабатын аралап жүр. Тариxи отанымызда ауқымды шара болып жатқанда үйде жай қарап отыра алмадық дейді олар.

Сапура Омар – қонақ, ҚХР: 

– Өте әсерлі. Барлығы тамаша өтуде. 8 қабаттың барлығын араладық.

Сапарқали Оспан – қонақ, ҚХР:

– Тарихи отанымызда осындай шараның болып жатқандығы әрине қуантады.

Аталмыш сфераның төменгі табанындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон орналасқан. Оның бірінші бөліміне ландшафт, мәдениет, тарих, Қазақстанның өткені мен болашағы туралы мәліметтер беріледі.

Айгерім Сейтмағамбетова – стендист:

– 4 маусымы көрсетілген. Онда Қазақстаның байлығы, әдемі жерлері көрсетілген.

ЭКСПО қалашықта бой көтерген кез келген нысан әсемдігімен ерекше көз тартады. Ал шардың жоғарғы қабатына шыққан кез келген адам бүкіл аумақта болып жатқан сол әдемілікті тамашалай алады.

 

Магжан Ахмадина