Құқық қорғау органдары

Петропавлда “Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік күрес” республикалық акция өтуде

Жазда арзан жұмыс күшіне де сұраныс жоғары. Бірақ, сорақысы сол – көптеген сауда нүктелерінің иелері кәмелеттік жасқа толмағандардың еңбегін пайдалану заңмен рұқсат етілмейтіндігін ескермейді. Полицейлер рейдтің бірінші күні қалалық саябақ жанындағы жазғы дәмханаларда 16 жастағы екі қыз баланың даяшы болып жұмыс істеп жүргенін анықтаған.

Гүлмира Темірғалиева – Петропавл қаласы ІІБ ЖПҚ аға инспекторы:

– Қала аумағында “Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік күрес” атты республикалық акция өтіп жатыр. Шара аясында көңіл көтеру орындарында рейд ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде кәмелеттік жасқа толмағандардың еңбегін пайдаланудың 2 фактісі анықталды. Бұлар бойынша жұмыс берушілер мен жасөспірімдердің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жалпы жыл басынан шаһардың тәртіп сақшылары кәмелеттік жасқа толмағандардың еңбегін заңсыз пайдаланудың 4 фактісін анықтаған. Тағы 23 жасөспірімді түнгі уақытта қала кезіп жүрген кезде ұстаған.

 

Риат Шони