МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік басқару Академиясы мемлекеттік қызметшілерді оқуға шақырады

Әсет Абжаков – ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы академиялық бағдарламалар орталығы басшысының орынбасары:

– Талапкерлер он бағдарламаның біреуін таңдай алады. Оның 6-уы – магистратура, 4-еуі- докторантура мамандығы. Магистратурада мемлекеттік менеджмент, өңірлік даму, халықаралық қатынастар, мемлекеттік саясат, мемлекеттік басқару және экономика бағыттары бойынша білім беріледі. Докторантурада мемлекеттік басқару, экономика, халықаралық қатынастар, мемлекеттік менеджмент мамандықтары бойынша білімді жетілдіру мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қызметшілер магистратурада бір жыл, докторантурада 3 жыл білім алады. Мансаптық өсу мүмкіндігіне қол жеткізіп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуге, сондай-ақ, кәсіби және тұлғалық құзіреттіліктерін арттыруға мүмкіндік бар. Білім алушыларға барлық жағдай жасалмақ.

Әсет Абжаков – ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы академиялық бағдарламалар орталығын басшысының орынбасары:

– Білім алушыға оның соңғы жұмыс орнындағы жалақысы мөлшерінде шәкіртақы төленеді. Шәкіртақыдан ешқандай әлеуметтік жарна ұсталмайды. Ең бастысы – мемлекеттік қызметшінің жұмыс орны сақталады. Ол келісім шарт бойынша атқарушы органда 3 жыл еңбек етуі тиіс. Өзге өңірлерден келіп оқитындарға академияның арнайы жатақханасымен қамтылады. Онда отбасымен тұруға рұқсат етілген. Айлық жалдау құны 15-20 мың теңгені құрайды.

Серік Жүкенов 6-шы жыл мемлекеттік органда есепші болып жұмыс істеп жүр. Алдағы уақытта академияға құжаттарын тапсырып, экономика мамандығында оқығысы келетінін айтты.

Серік Жүкенов – Ақбұлақ ауылдық округы әкімдігінің бас маманы, Уәлиханов ауданы:

– Жолым болып, академиядағы экономика мамандығына түсіп, оқуымды ойдағыдай аяқтаған соң ауылға оралып, өңірдің өркендеуіне үлесімді қосамын. Бүгінде елді мекендерге де жақсы мамандар қажет.

Өтініштер талапкерлерден шілденің 27-сіне дейін қабылданады. Құжаттарды eGov электрондық үкімет порталы арқылы тапсыруға болады. Қажетті ақпарат академияның ресми сайтында ((pa-academy.kz)) көрсетілген.

Берік Қасен