Денсаулық сақтау

Елімізде 1-ші шілдеден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелетін адамның өтініші мен төлқұжаты болса болғаны. Жаңа ұйымға, тиісті куәлігі жоқ 16 жасқа толмаған жандар да кіреді. Оларды әке-шешелері өз аттарына жазады. Маусымның 5-і күні жүргізілген санақ бойынша жүйеге 577 мыңнан аса солтүстікқазастандық қосылған. Жерлестеріміз өңірдегі 17 емдеу мекемесіне өтініп берулеріне мүмкіндіктері бар. Олардың 4-еуі Петропавлда орналасқан.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне арнайы елімізде қор құрылғандығы мәлім. Оған жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтар ақша аударады. Мәселен, әр ай сайын жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар өз қызметкерлері үшін қаражат бөлулері тиіс. Олар ұйымдағы мамандардың жалақысынан 1 пайыз бөлмек. Жиналған ақшаға тұрғындарға бірқатар медицианлық қызмет тегін ұсынылады.

Лариса Гордеева – Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті CҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Медициналық сақтандыруы бар тұлғаға мемлекет есебінен амбулаторлық-емханалық, стационарлық көмек көрсетіледі. Тағы, емдік қалпына келтіру шаралары, медициналық сауықтыру, мейірбикелік қарау, сонымен қатар тағы да басқа көмек түрлері кіреді. Аталмыш пакетті алу құқығы ел тұрғындарына және ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктерге беріледі. Ал, жұмыссыз адамдар да міндетті медициналық сақтандыру қорына ақша сала алады. Олар 2-ші деңгейлі банктер арқылы ай сайын қорға 1223 теңге аударып тұрулары шарт.

Жұмыс беруші айдың 25-інші жұлдызына дейін қорға ақша аударуы тиіс. Ақша бөлінгені жайлы хабарды қызметкеріне келер айдың 15-іне дейін хабарлауы керек. Қорға аударылған қаражатты облыстық кірістер комитеті үнемі бақылап отырады. Егер де қандай да бір заңбұзушылық тіркелсе жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

 

Култанов Байболат