Аптадағы маңызды жаңалықтар

Болашақта “Солнечный” ықшам ауданында 2094 жер үй тұрғызылады

Шаршы метрі 100 мың теңгеден аспайды. Сонда бір үй 8 бен 18 млн теңгенің аралығында болмақ. Үлескерлер баспананың бекітілген 6 түрлі эскизін сәулет бөліміне барып таңдай алады. Үйлер бір немесе екі қабатты болуы мүмкін.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында сіздерге үйді құрылыс компаниялары бірыңғай архитектуралық үлгіде салып береді. Олар баспана тұрғызуда 90 пайыз отандық материалды қолданады. Оны қолданысқа тапсырар кезде жіті тексереміз. Құрылысшылар тұрғын үйге 3 жыл кепілдік береді. Сіздер тек дайын үйге кіріп тұра бересіздер. Кейін қора-қопсысын өздеріңіз салып аласыздар.

“Солнечный” кентіндегі үйлердің ішіне су, электр желілері тартылады. Кейін баспаналар орталықтандырылған жылумен қамтылуы мүмкін.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында “Солнечный” кентіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу үшін ел қазынасынан 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен жаңа салынатын үйлердің ішіне су, электр желілері тартылып, автомобиль жолдары төселеді. Баспаналардың жаны қоршалады. Әр үйдің жанында септик болады.

Жиналыс барысында шаһар басшысы, құрылысшылар және банк қызметкерлері үлескерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Ольга Прасолованың күйеуі құрылысшы екен. Олар баспананы өздері тұрғызғысы келеді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Үйді өздеріңізге салуға болады. Қалаған ағаш, кірпіш, блок сынды материалды таңдау құқығын береміз. Тек үйдің сырқы архитектуралық үлгісін сақтаңыздар.

Жер үйді Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы
сатып алуға болады. Бірақ, бұл жерде клиенттің төлем қабілеті тексеріледі. Оның бір несиесі болса да жер үй салуға қарыз берілуі мүмкін.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Банктен шотты комиссиясыз ашуға болады. Жер үйді сатып алу үшін заемшының шотында қажетті соманың 30 пайызы болуы тиіс. Мысалы, сіз 10 млн теңгенің жер үйін алғыңыз келсе, онда шотыңызда 3 млн теңге жатуы керек. Қалған соманы банктен арзан несие түрінде қарызға аласыз. Егер алғашқы 30 пайыздық жарнаңыз болмаса, банк сізге жылдық 5 пайыз мөлшерлемесімен несие береді. Жалақыңыз аз болса, жақын адамдарыңыздан кепілгерлерді тартуға болады.

Болашақта “Солнечный” шағын ауданында барлығы 2094 жер учаскесіне жеке тұрғын үй салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 500 азаматтан өтініш қабылданған.

Берік Қасен