МТРА жаңалықтары

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жергілікті өкілдері ашық есік күнін өткізді

Бұл электронды үстеме арқылы іскер азаматқа тексерістің болатыны жайлы мәлімет алдын ала түседі. Онда тексерудің мерзімдері, кезеңі, құқықтық негіздемелері туралы барлық дерек бар. Тағы, тұрғындар qamqor.gov.kz.сайтынан маңызды мәліметтерді ала алады. Онда автокөлік жүргізушілері айыппұлдарының бар-жоғын тексеру мүмкіндігіне ие және темір тұлпарлардың жол-көлік оқиғаларына қатысы да осы сайтта көрсетеледі.

Төлебай Мұқышев – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының аға прокуроры:

– Бұл жаңашылдықтардың тұрғындар үшін тиімділігі зор. Автокөлікті қолдан сатып алушылардың көбі машинаның жол-көлік оқиғасына ұшырағандығын білмейді. Ал, бұл сайтқа темір тұлпардың техникалық куәлігіндегі нөмірді теріп, барлық тарихын білуге мүмкіндік бар.

Жиында прокурорлар жуырда іске қосылатын “Электронды қылмыстық іс” атты пилоттық жобаны да таныстырып өтті. Әзірге, бұл бағдарламаны еліміздің 3 облысында қолданып көру жоспарда бар. Аталған жаңашылдық оң нәтижесін беріп жатса, келер жылдан 1-ші қаңтарынан бастап барлық өңірде жұмыс істейтін болады. Жоба арқылы қадағалаушы орган өкілдері жүргізіліп жатқан істің мөлдірлігін, уақытын бақылап отырмақ.

Марат Ахметов – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бастығы:


–  Пилоттық жоба 1-ші шілдеде іске қосылады. Ол алғаш болып Батыс Қазақстан, Павлодар және Жамбыл облыстарында сыналмақ. Бағдарламада қылмыстық істі 37 құрам бойынша қарауға мүмкіндік бар. Тағы, Астана қаласында “Электронды әкімшілік іс” атты да пилоттық жоба іске қосылады. Осы бағдарлама арқылы тәртіп сақшылары хаттаманы оқиға орнында электронды түрде толтырады. Тіпті, заң бұзушы төлем картасы арқылы сол жерде айыппұлды да төлей алады. Бұл жаңашылдықтарды жерлестеріміз білуге міндетті.

Кездесу барысында жиналғандар прокурорларға өздерін толғандырған сұрақтарын да қойды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Абай Қайсин бұрын сотталған адамдар көмек сұрап жиі келеді дейді. Оларды кәсіп іздеп барған мекеме басшылығы анықтамада істі болды деген жазу үшін жұмысқа алмайтын көрінеді.

Абай Қайсин – «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі:

– Қоғамдық қабылдауымызда бұрын заңның ала жібін аттағандар болады. Олардың көбі жұмыссыз. Басты себеп, азаматтардың анықтамаларында “сотталған” деген ақпарат бар. Сол себепті, біз оларға көмектесе алмаймыз. Бұл мәселенінің анық-қанығын түсіну үшін прокурларға өз сұрағымды қоюға келдім.

Дегенмен, осы жылдың алағашқы тоқсанында жазасын өтегендерге “сотталған” деген анықтама берілмейді деген қаулы шығыпты. Бұл өмірін жаңадан бастағысы келген жандар үшін үлкен мүмкіндік.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң СҚО бойынша басқармасының бөлiм бастығы:


– Қылмыс жасағандығы туралы мәліметті жою үшін жазасын өтеп шыққан тұлға жеке куәлігімен халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. Сол жерде ол өтінішін толтырып, 3 минут ішінде соттылығы жоқ деген анықтама құжат ала алады.

Жиын соңында тұрғындар мен прокурорлар арасында ашық сұхбат болды. Бақылаушы орган қызметкерлері жерлестеріміздің жеке сауалдарына да жауап берді.

Байболат Бектемірұлы