МТРА жаңалықтары

Кембағал жандардың мекемелерге кедергісіз кіруі

Мүмкіндігі шектеулі жан арбамен оңай көтерілді. Десе де “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының бөлім жетекшісі Гүлнар Халықова қолына метрін алып өлшегенде көзге көріне бермейтін кемшіліктер ашылып қалды. Сатының бұрыштары мен шыны есіктер көз кемістігі бар жандар үшін қанық сары түспен белгіленуі шарт. Ғимарат сыртына Морзе әліпбиімен жазылған ақпарат іліп қою керек. Өзгесі жетісіп тұрмағандықтан біз үшін мұндай тақтайшаларды көрудің ауылы алыс сияқты.

Сергей Сапко, “Мы такие же как все!” ҚБ төрағасы:


– Пандустар бар. Бірақ, ешқандай талаптарға сай емес. Арнайы тежегіш сызықтар, белгілер, тіпті темір бағаналар жоқ. Үлкен сауда орындарында ыңғайлы пандустар бар. Бірақ, қарапайым мысал, жұмыстан кейін жолай дүкенге соғып нан алайын десем, кіре алмаймын. Пандус жоқ. Бар болған жағдайда да есікке арбам сыймай жатады.

Кембағал жанның сөзіне дәлел – қалалық балалар емханасы. Мұндағы пандуста бірнеше градус болсын бұрылыс, қосымша демеу сатылары жоқ. Бетонды тікесінен тік құя салған. Арбаға таңылған жан кіре де алмайды. Биіктігі – 71 см, ені – 2,8 метр. Ал, мұндай биік пандустың ені 7 метрден кем болмауы керек екен. Бұған қарамастан, Сергей Сапко қолына күш түсіріп, көтеріліп көріп еді, қайта түсерде арбасы құлдилай жөнеліп, құлай жаздады.

Ал, мұндай жағдайда іштегі мамандарды көмекке шақыратын қоңырау бар. Ол мұнда тым алысқа орналасыпты. Басып көріп едік, істемейтін болып шықты. Әлде мүгедектің қоңырауын ешкім естімеді ме екен? Сатының биіктігі де 15 см-ден артық.

Қоғамдық кеңес мүшелері емхананың ішіне кіріп, дәретхананың мүгедектер үшін қаншалықты ыңғайлы екенін де байқап көрді. Бұл есікке, тіпті, жарымжанның арбасы сыймайтын болып шықты. Ені 90 см болу керек. Ал, мұнда – 60-ақ. Бұдан соң оның ішінде жасалған жағдайды айтудың өзі артық. Емхананың бас дәрігерінің орынбасары “Ақ халаттылар мүдегек науқастарға үйіне барып көмек көрсетеді, келіп әуре болмайды” деп ақталды. Бірақ, заң бәріне ортақ. Мемлекеттік мекеме өзгелерге үлгі болып бірінші кезекте талаптарға сай болуы керек.

Ілияс Сабдинов, “Нұр Отан” СҚОФ баспасөз хатшысы:


–  “Нұр Отан” партиясының жергілікті филиалының жанында мүмкіндігі шектеулі жандарға нысандарды бейімдеу мониторингі бойынша қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Былтыр өңірде 331 нысанды тексерді. Биыл 49 мекемені қарап шықтық. Оның 5-уі мүлде талапқа сай келмеді. Ортақ талапты орындамағандар айыппұл төлейдіі.

Жалпы Петропавлда пандус орнатылған 140 нысан бар. Олардың жартысынан көбіндегі жағдай көңіл көншітпейді.

 

Акбопе Танирберген