МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық әскерилер Ақтөбедегі терактіде қаза болған әріптестерін еске алды

Кезекшілікте жүрген Досбол Сапар, Даниэль Майлыбаев пен Берік Қалиев оларға қарсылық көрсетеді. Атыс кезінде қарулы топтағы лаңкестің 1-еуі оққа ұшып, 2-еуі жараланады. Ал оларға бірінші болып тойтарыс берген 3 әскери жарақат алып, көз жұмады. Атабек Салихбаев ерлікпен қаза болған майор Майлыбаевпен кезінде бір оқу орнында оқыпты. Бүгінде ол курсант кездерін сағынышпен еске алды.

Атабек Салихбаев – ҚР ҰҰ Әскери институты бастығының орынбасары:

– Мен Алматы қаласында білім алдым. Даниэль Майлыбаевты да сол жерден білемін. Өте ашық, ісіне жауапты болатын. Онымен таныс болғаныма мақтанамын. Кез келген азамат Даниэль сияқты ерлікке бара бермейді. Сол күні қаза болған әскерилер ерлікпен көз жұмды. Олар біздің есімізде мәңгі қалмақ.

Генерал-майор Жұмабек Ахметовтің өмірінде 6655 әскери бөлімі ерекше орын алады. Өйткені, ол дәл сол жерде екі жыл полк командирі болып қызмет еткен.

Жұмабек Ахметов – ҚР ҰҰ Әскери институты бастығы:


–  Қайғылы жағдай туралы естігенде жүрегім қатты ауырды. Өйткені, мен өзім дәл сол бөлімде қызмет жасадым. Әріптестерімнің оққа ұшқанын естігенде, әрине, қайғырдым. Бірақ, бұл күнді біз қаралы күн ретінде емес нағыз батырлық пен ерлік күні деп білуіміз қажет. Өйткені, қаза болған 3 әскери өз елінің патриоты екендіктерін көрсетіп, ел болашағы үшін көз жұмды.

Ел халқының қабырғасын қайыстырған қанды оқиғаға биыл 1 жыл толды. 12 ай өтсе де қазақстандықтар бұл күнді әлі де ұмытқан жоқ, ұмытпайды да.

Әліби Аумағамбет – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Біз олардың ерлігін ұмытпаймыз. Ұлттық Ұлан қатарында батыр жігіттердің бары қуантады. Өйткені біз оларға еліктейміз ғой.

Лаңкестерге қарсы күрескендердің бірі – Бахтияр Қайырбеков. Қазір ол жергілікті әскери институттың курсанты. Болашақ офицер Ақтөбеде жасаған ерлігі үшін Елбасының қолынан екінші дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Бүгінде ол бейбіт заманның батыры атанып, жас сарбаздарға ерлік сабақтарын өткізуде. Қазір Бахтияр арнайы шақыртумен Ақтөбе қаласында жүр.

Айгерім Ержанова