МТРА жаңалықтары

Шаһардағы Мәдениет және демалыс саябағының нобайы СҚО әкімі Құмар Ақсақаловқа көрсетілді

Лариса Фомченко – “СК Райв” ЖШС сәулетшісі:

– Иттерді қыдыртуға жеке орын бөлеміз. Спорт алаңдары сол жерінде қалады. Саябақта ұзындығы 2 600 метр велосипед жолағын салу жоспарда бар. Көше тренажерлары саябақтың әр жерінде орналасады.

Соның өзінде Мәдениет және демалыс саябағында бос орындар қалады. Онда жастар өз идеяларын жүзеге асырмақ. Диаз Көпеев демалыс орнын өзгерткен кезде ағаштар оталмаса дейді.

Диаз Көпеев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Біз саябақтың қалған аумағын бірнеше бөлікке бөлеміз. Бірінші жапон паркінде гүл көшеттерін молынан отырғызбақшымыз. Екінші учаскеде отбасы мүшелері бас қосады. Үшінші аумақты ғашық жандарға арнаймыз. Төртінші зонада жастар лед-экранда кино көре алады.

Жастардың идеясы аймақ басшысына ұнады. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта Мәдениет және демалыс саябағында өтетін сенбіліктерге студенттерді шақырды. Демалыс орнын жаңартуға қатысты ойларымен бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Демалыс орындарындағы заңсыз саудаға тиым салу қажет. Мұндағы жазғы дәмханалар замануи архитектуралық үлгіге сай емес. Қоғамдық тамақтану орындарын өзгерту керек. Сіздердің айтқан, ұлттық және жапон парктеріңіз қолдауға тұрарлық. Биыл паркті өзгерту жұмыстарына 100 млн теңге бөлінді. Ақша жетпей жатса қосымша қаражат көздерін қарастырамыз. Осы іске дизайнер, сәулетші сияқты білікті мамандарды тарту керек.

Саябақ ішіне жарық шамдары, жаяу жүргіншілер жолағының бойына орындықтар мен шағын композициялар орнатылады. Бұл іске кәсіпкерлер қол ұшын бермекші.

Берік Қасен