МТРА жаңалықтары

Жыл басталғалы өңірде 1 адам судан ажал құшты

Владимир Леонов – балықшы:


–  Бүгін міне, алабұға мен табан балық ұстадым. Жағада отырып аулаймын. Суға кірмеймін. Қауіпті екенін де білемін. Өзім жалғыз жүргендіктен, қауіпсіздік ережелерін білемін және оны қатаң ұстанамын.

Жаз басталысымен құтқарушылар тобы да қазір қызу жұмыс үстінде. Олар рейдтік шара ұйымдастырып, су маңында жүргендерге ескертпе қағаздар таратуда.

– Судағы қауіпсіздік шараларын барлығы біліп жатса да, қайғылы оқиғалар жиі орын алып тұрады. Оқыс жағдайлардың дені белгіленбеген жерде шомылып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан болады дейді құтқарушылар.

Мысалы, ағымдағы жылдың сәуір айында бір жерлесіміз судың құрбаны атанды. Ол Торанғұл көліне балық аулауға шығып, абайсыздыққа жол берген.

Руслан Ерденов – СҚО ТЖД ТЖ жөніндегі инженер:

– 53 жасар ер азамат Торанғұл көлінің белгіленбеген жерінде балық аулаған. Қауіпсіздік шараларын да ұстанбаған. Нәтижесінде суда ажал құшты. Қазір жаз мезгілі келді. Бірақ, шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Десе де, адамдар суға түсе бастады. Бұл өте қауіпті.

Жалпы жыл басталғалы өңірімізде 4 адам су құрбаны атануға шақ қалды. Егер де құтқарушылар оқыс оқиға орнына дер кезінде жетпегенде, қайғылы жағдай тағы да қайталанушы еді. Сондықтан, ТЖД-нің мамандары солтүстікқазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын ұстанып, белгіленбеген аумақта шомылуға болмайтындығын ескертеді. Бұл ережеге бағынбағандар 2-ден 5 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.

Айгерім Ержанова