Мағжан Ахмадина – тілші:
– Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүбірек, ал әскерилердің көркі мініп жүрген астындағы көлігінен байқалатын сыңайлы. Өйткені, қандай жағдай болмасын, темірдей тәртіпті талап ететін бұл салада ең алдымен темір тұлпарың сай болуы керек. Әрине, тек техникалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар іші-сырты да айнадай таза болғаны абзал. Сол үшін жүргізушілер оны үнемі жуып, сүртіп жарқыратып отырады.
Ал, бүгін көліктердің даярлығы ерекше бақылауда. Олардың жай-күйін тексеруге астаналық мамандар келген. Бұл – жыл сайын өткізілетін шара. Сондықтан, ресми бөлімнен соң, әскерилер бірден қаз-қатар тізілген көліктеріне қарай бет алды.
Константин Воронкин – ҚР ҰҰ бас қолбасшылығының басқарма бастығы:
– Ең басты масқатымыз – ол әскери көліктердің даярлығын тексеру болып табылады. Өйткені, олар қысқы режимнен жазғыға ауыстырылды. Сондықтан, техника барлық жағдайларға сақадай сай болуы тиіс. Қазір машиналардың іші-сырты, тіпті, бөлшектері мен құрал-саймандарына дейін барлығы қаралады. Бұл шара жылда барлық әскери бөлімдерде, құрылымдарда өткізіледі.
БТР, Урал, Камаздардан бөлек, бақылауға генералдың қызметтік көлігі де ілінді. Ол бірінші кезекте тексерілді. Мұнда барлығы талапқа сай болып шықты. Кейін орынбасарлардың темір тұлпарлары және өзге техника қаралды. Кезек соңғыларына келгенше әлі біраз уақыт бар. Сондықтан, кемшін кетке тұстарды түзетіп, көлікті тағы бір қарап алуға уақыт жеткілікті.
Айнабек Шыналы 1 жылға жуық уақыт жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол сынып қалған көліктерді жөндеуге арналған «Урал-420» машинасын басқарады. Үлкен көлікті ырқына бағындырып жүрген әскери қиын жағдайға тап болған әріптестеріне үнемі көмекке келеді.
Айнабек Шыналы – ҚР ҰҰ Әскери институты қамтамасыз ету батальонының жүргізушісі:
– Бұл машина бұзылып қалған көліктерді барып жөндеуге арналған. Дәнекерлейді, батып қалса сүйреп алып шығады. Тағы автопарке дейін әкеледі.
Бұл көліктер түрлі жағдайларда қолданылады. Бірі байланысты қамтамасыз етсе, енді бірі әскерилердің өздерін тасымалдауға арналған. Бір сөзбен айтқанда, бұл техника Әскери институтта күнделікті қолданылады. Сондықтан, ерекше күтімді қажет етеді. Өйткені, алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, олардың сақадай сай болғаны маңызды.
Жұмабек Ахметов – ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:
– Техникалық бақылаудан өткен машина ол ертең, түрлі сындарға, кедергілерге төтеп береді. Көліктің дұрыс істеуі жұмыс сапасын, жылдамдықты әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Айта кету керек, соңғы жылдары біздер жаңа техникаларға қол жеткізіп жатырмыз. Жеке құрамды тасымалдау үшін «Урал» машиналарын алдық. Енді тағы курсанттарды тәжірибе жүзінде оқытуға арналған заманауи әскери техникалар алынса екен деймін. Ол оқу процессіне қажет.
Жалпы бүгін 70-тен астам техниканың даярлығы тексерілді.
Мағжан Ахмадина