Мәдениет

218 жыл бұрын 6 маусым күні – Александр Сергеевич Пушкин дүниеге келді

Пушкинтанушы Василий Коноплев жылдар бойы кемеңгер ақынға арналған ескерткіштерді зерттепті.

Василий Коноплев – ақын, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Мен ақын құрметіне орнатылған ескерткіштерді зерттеумен айналысып келемін. Бүгін оның туған күніне орай, тағы бір монумент орнатылды. Соңғы 17 жыл ішінде Александр Сергеевич Пушкинге 250-ден астам ескерткіш арналған. Яғни, жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде 10-нан астам монумент тұрғызылады.

Өз Отанының жалынды патриоты болған Пушкин орыс халқымен жақын, тағдыры бір, туыстас барлық халықтардың өміріне үңіле қараған. Бүгінде әлемдік тұлғаның есімі барша жұртқа белгілі. Сондай-ақ, Александр Сергеевичтің бірқатар туындылары қазақ тіліне аударылып, қалың оқырман назарына да ұсынылды.

Александр Курленя – Солтүстік Қазақстан облыстық «Лад» славян мәдениеті қоғамының жетекшісі:

– Александр Сергеевич қасиетті Құран кітабын қолына алып, мұқият оқыған адам. Сонда ақын ислам дінінің қаншалықты таза және жақсылыққа толы екенін атап өтіпті.

Кішкентай оқырмандар үшін Александр Сергеевич Пушкин, ең алдымен, ертегіші. Оның балаларға арнап жазған бірқатар туындылары бар. Алайда, Анатолий Лебедевті оның ертегілері ғана емес, терең мағынаға толы өлеңдері де қызықтырады.

Анатолий Лебедев – оқушы:

– Осындай шараларда оның туындыларын үзінді оқу мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, ол өз өлеңдерімен барлық әлемді мойындатқан. Өз басым оны сүйіп оқимын.

Классикалық орыс әдебиетінің негізін салушының туындыларын жоғары бағалайтын аға буын өкілдері ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Бұл шарадан өнер мектебінің тәрбиеленушілері де тыс қалмады. Қылқалам шеберлері Евгений Онегин мен Татьянаға арналған ескерткішті қағаз бетіне түсіріп, бар ерекшелігін суреттеуге тырысты.

Эльмира Садвокасова