МТРА жаңалықтары

Петропавлда Шымкентке әуе рейсі ашылды

Ертерек келіп тіркеуден өткендердің бірі Махадин Юсупов. Петропавлға екі поезд ауыстырып екі күн жүріп келген ол енді үйіне 2 сағат 20 минутта жетіп баратын болды.

Махадин Юсупов:


– Осы рейс ашылғанына қуаныштымын. Екі ортада поездбен, автобуспен көп қатынайтынмын. Жұмыс барасы бойынша жолға көп уақыт кететін.

Билет құны – 20 мың теңге. Әуе рейсін скат кампаниясының жабдықталған жайлы ұшағы орындайды. Солтүстікқазақстандықтар жолы жеткізбестей көрінетін Оңтүстік өңіріне көзді ашып жұмғанша жететін болдық деп қуанып отыр. Оның біреуі – Айтолла Уакишев.

Айтолла Уакишев:

– Бұрын туған-туыс тарымызға, Сарағашқа барғанда поезбен баратынбыз. Кейде билет те болмай қалатын. Бүгін міне бірінші рет ұшқалы отыр. Бұл өте ыңғайлы әрі қолайлы.

Әне міне дегенше ұшаққа отырғызу да басталып кетті. Жалпы, Петропавлдағы әуежайдан аптасына екі рет Астана мен Алматыға ұшақ қатынап тұрады. Соңғысына деген сұраныс жоғары 50 орындық ұшақтың іші лық толады дейді, әуежай директоры. Сондықтан оңтүстік астанаға ұшатын рейс санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал, Шымкентке әуе қатынасының ашылуы – жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген шешім.

Марат Хасенов, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директоры:

– Қазір облысымызда “Серпін” мемлекеттік бағдарлама жүруде. Студенттер өте көп. Демалуға баратындар бар. Былтырдан бері қарастырдық. Кейін осындай шешімге келдік. Облыс әкімдігі өзге де кампаниялармен келістік, жан-жақты қарастырдық.

Осылайша жексенбі күні сағат 19:10-да Петропавлдан Шымкентке алғаш рет әуе кемесі ұшты.

Енді бұл ұшақ дүйсенбі және сенбі күндері екі қала арасында тұрақты түрде қатынап тұрмақ.

Акбопе Танирберген