Спорт

Петропавлда республикалық “Мен чемпион” жобасының финалдық кезеңі өтуде

Ратмир Ахметов – СҚО әкімінің орынбасары:


–  2016 жылы бастау алған “Мен чемпион” жобасының ауқымы артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай.

Жалпы, “Мен чемпион” жобасының ауқымы жыл артқан сайын артып келеді. Мәселен, былтыр сайыстың аудандық және өңірлік кезеңдеріне еліміздің 125 мыңнан аса мектеп оқушысы қатысқан. Биыл жалынды жастардың саны анағұрлым көбейген екен.

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:


–  Жобаның биылғы жылғы іріктеу кезеңіне 270 мыңнан аса бала қатысты. Финалдық кездесу тартысты өтетіні белгілі. Жарысқа 16 құрама қатыспақ. Барлығы 192 ұл-қыз.

Сонымен, дода басталды. Алғашқы кездесу Қарағанды облысының “Арыстан” және Атырау облысының “Сталь” командалары арасында өтуде. Бірінші ойын – көпсайыс. Мұнда жылдамдықпен қатар дәлдік те сыналады. Қатысушылар діттеген жерге жетіп, теннис добын әріптесіне лақтырып қалулары керек. Бұл сында орталыққазақстандық
өрендер жеңіске жетті. Келесіде жеткіншектер скакалкада секіріп бақ сынады.

Ал, бұл ойында атыраулықтар есе қайтарды. Намысқа тырысса керек Жайық жағасының ұл-қыздары еш қателіксіз 20 рет секіріп, таразы басын теңестірді. Енді, олар осы қырқынмен жеңіске жетеміз дейді.

Заңғар Лес – “Сталь” құрамасының капитаны, Атырау облысы:

– Бірінші ойын қиын болды. Екіншіде жеңдік деп ойлаймын. Сонау Атыраудан келген соң жеңіске жетеміз.

Үшінші конкурс “алып дөңгелек” деп аталады. Жеткіншектер бірінен соң бірі дөңгелек ішінде жүгірулері керек. Бастапқыда атыраулықтар алда болды. Дегенмен, олар бәсекенің бел ортасында сүрінді. Ойыншылар жиі құлап бағалы уақыттарын жоғалтып алды. Ал, арыстандықтар тамаша өнер көрсетті. Еш қателіксіз мәре сызығына жетті. Осылайша қарағандылық жастар тағы да есепте алға шықты.

Айшат Мыңбай – “Арыстан” құрамасының ойыншысы, Қарағанды облысы:

 

– Біздің топтың балалары ұйымшыл, бауырмал. Бір-бірімізге үнемі көмектесеміз. Бастапқыда қиын болып еді, қазір үйреніп кеттік.

–  Сонымен, нағыз күштің сыналатын сәті келді. Алда бізді “Капитандар сайысы” күтіп тұр. Еске сала кетейік, қазіргі таңда 2-де 1 есебімен “Арыстан” құрамасы алда келеді. Сондықтан “Сталь” капитанына есе қайтаратын сәт келді.

“Капитандар сайысында” “Арыстан” құрамасының капитаны Руслан Әмірбеков пен “Сталь” ұжымының топбасы Заңғар Лес кездесті. Ереже бойынша ұлдар 3 рет күш сынасып, қарсыласын жерге түсірулері керек. Бұл додада қарағандылық өрен мықты атанды. Ол атыраулық жеткіншекті бас көтертпей төмпештеп, жеңімпаз атанды.

Соңғы “Финалдық эстафетада” “Арыстан” құрмасын басым болды. Осылайша көк түсті жейдедегі ұл-қыздар жобадағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Айта кетейік, бұл жарыста біздің өңірдің намысын №7 орта мектептің “Жолбарыс” командасы қорғайды. Теріскей төрінде бүгін басталған дода маусымның 8-зіне дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында қатысушылар сондай-ақ, қаламыздың көрікті жерлерін, ойын-сауық орталықтарын араламақ.

Байболат Бектемірұлы