Балалар

Өңірдегі мектеп жанындағы алаңдар өз жұмысын бастады

Бұл “татулы отбасы” отряды. Бірінші сыныпты жаңа ғана тәмамдаған бүлдіршіндер сыныптастарымен жазғы демалыстың бір бөлігін бірге өткізуді жөн санапты. Мұғалімдер оқушылардың қызығушылықтарына байланысты он шақты бұрыш әзірлеген. Мәселен, қыздар жағы жаратылыстану мен әдеби кітаптар оқып, сурет салса, ұлдар конструкторлардан мұнара тұрғызып жарысуда.

Асыр салып ойнап, тамақтанғаннан кейін тәрбиеленушілердің кішілері түскі ұйқыға аттанады. Ол үшін мектепте барлық жағдай қарастырылған. Жалпы оқушылар үшін лагерьдегі 3 мезгіл дайындалатын ас қана ақылы. Ал аз қамтылған отбасылардың балалары жазғы алаңға тегін тамақтанады.

Ләззат Жалмұқанова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Әр маусым 10 күнді құрайды. Он күннен бес маусым өткізуді жоспарлап отырмыз. Барлығы балалардың келуіне байланысты.

Лагерьдегі әрбір күн – ерекше. Бұл жағын отряд тәрбиеленушілері қамтамасыз етуде. Мәселен, бүгін – денсаулық күні. Осыған орай балалар плакат істеп, спорттық эстафетаға қатысуда.

Нури Ибраева бұндай лагерьге өткен жылы да келген екен. Биыл да жазғы демалысын мектеп жанындағы алаңда өткізуді шешіпті.

Нури Ибраева – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

 

– Мен лагерьге келгеніме өте қуаныштымын. Біз мұнда достарымызбен сурет салып, түрлі ойындар ойнаймыз.

Алдағы уақытта тәрбиеленушілер қуыршақ театры мен түрлі мұражайларға бармақ. Жалпы облыс бойынша 511 жазғы сауықтыру алаңы жұмыс істеуде. Бұндай лагерьлер 23 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.

Эльмира Сәдуақасова